Қиялдағы Қазақстан

2010 жылы «Азаттық» радиосында суретші Сәуле Сүлейменованың сол жылы Алматыда өткен «I’m Kazakh» көрмесі туралы репортаж жарық көрді. Көрме негізінен гараждың алды мен аулада түсірілген қазақтардың портреттерінен, яғни фотографиялар кескіндемесінен тұрды. Репортаж «Сурет салатын Борат» деп аталды. Кейбір сыншылар Сүлейменованы туындыларында «қазақты кілең жаман жағынан көрсетеді» деп сынап, суретшіні осылай атауды жөн санапты. Бұған суретші: «Шығармашылық Қазақстанда онсыз да қат шындыққа негізделуі керек»,1 1 Болтай, Е. (2010, 5 маусым). «Борат, который рисует» [Видео]. Радио Азаттык. https://rus.azattyq.org/a/2032730.html – деп жауап берді. Бір қызығы, сан алуан қасиетіне қарамастан, Борат бұл оқиғада Қазақстанның беделіне нұқсан келтіруші ретінде ғана көрінеді. Ол өз есімімен аттас ойдан шығарылған мемлекетте тұратын, бірақ нақты Қазақстанмен ұқсастығы шамалы кейіпкер, десе де ұқсас тұстары болуы да әбден мүмкін. Борат Қазақстанды сәтті көрсетсе де, Сәуле Сүлейменова «нағыз қазақтықты»2 2 Верко, Р. (2018, 14 қараша). Сауле Сулейменова: Путь в поисках истинной казахскости. Central Asian Analytical Network. https://www.caa-network.org/archives/14552 іздеп, мүлдем керісінше дүниеге ұмтылады. Атауы өзгеше, он бес жыл бұрын жарық көрген репортаж Сүлейменованы неліктен Боратпен салыстырғаны туралы айтып қана қоймай, қайта пайымдау кеңістігіне жол ашады. Бұл эсседе мен Қазақстанға қандай шындық жетіспейтіні және оның өнерде қалай көрініс тапқаны, Қазақстан бейнесі саясат пен мәдениетте қалай ойдан құрастырылғаны және мұндай қиялдың шындыққа қалай әсер ететіні туралы талқылағым келеді.

Сәуле Сүлейменова, «Арғындар», «Қазақ шежіресі» сериясынан, 2008 ж. Акрил, фотосурет, кенеп, 100×140 см.
Сәуле Сүлейменова, «Арғындар», «Қазақ шежіресі» сериясынан, 2008 ж. Акрил, фотосурет, кенеп, 100×140 см.

Факті ретінде ұсынылған және бастан кешірген қиял құбылысына өнертанушы Кэрри Ламберт-Битти парафикция, parafiction деген атау берді. Ол стильдік және перформатив тұрғыдан шындыққа негізделгендей әсер тудыратын көркем шығармаларды анықтау үшін осы ұғымды ұсынады. Мейлінше ауқымы кең мәдениетте парафикция көбіне саяси сатирамен байланысты, яғни көркемдік контекстен тыс алдау3 3 Lambert-Beatty, C. (2009). Make-Believe: Parafiction and Plausibility. October, 129, 56. https://doi.org/10.1162/octo.2009.129.1.51 , өтірік пен алаяқтық ұғымына біртабан жақындап, деструктив әрекет етеді. 

«Борат: Қазақстанның даңқты халқының игілігі үшін Америка мәдениетін зерттеу» фильмінен алынған кадр. Twentieth Century Fox
«Борат: Қазақстанның даңқты халқының игілігі үшін Америка мәдениетін зерттеу» фильмінен алынған кадр. Twentieth Century Fox

«Борат: Қазақстанның даңқты халқының игілігі үшін Америка мәдениетін зерттеу» (2006, реж. Ларри Чарльз) – қазақстандық репортердің АҚШ-қа саяхаты туралы ойдан шығарылған деректі фильм. Бораттың Қазақстаны – кедей, мәдениетсіз, өркениеттен жұрдай ел, яки қазақстандық саясаткерлер халықаралық аренада жас мемлекетті сипаттағысы келетін образға мүлдем қарама-қайшы. «Біз Батыстың көпшілік үшін terra incognita саналатын Қазақстанды осылай көрсеткеніне алаңдаймыз»,4 4 Майерс, С. Л. (2006, 30 сентября). Борат заставляет казахстанские власти кипеть от злости (Пер. Инопресса). The New York Times. https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=30070810&pos=5;-116#pos=5;-116 – деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ержан Ашықбаев. Фильм Қазақстанда прокатқа жіберілмеді; Борат рөлін сомдайтын Саша Барон Коэнге қарсы іс қозғалады деп сес көрсетті. Әу баста саясаткерлер жағымсыз пікір білдіріп, «Боратты» және оның Қазақстан туралы жалған танымын әшкерелеу үшін әртүрлі науқанды белсенді жүргізсе, көп ұзамай стратегиясын өзгертті. Олардың әрекетін Барон Коэннің өзі мазаққа айналдыра бастағанда фильмнің шындыққа жанасу-жанаспауы кейінге шегерілді. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов «Дөрекі әрі әділетсіз «Борат»5 5 Идрисов, Е. (2006, 4 октября). Гримасы оскорбительного и несправедливого фильма «Борат» оставляют отвратительный привкус (Пер. ИноСМИ). The Guardian. https://inosmi.ru/20061004/230241.html фильмі жағымсыз әсер қалдырады» атты сыни мақаласын жариялағаннан кейін: «Біз, қазақтар, Боратты түсірген Саша Барон Коэннің алдында қарыздармыз… Белгілі бір мағынада ол Қазақстанды картаға түсірді»,6 6 Идрисов, Е. (2006, 20 ноября). Мы пережили Сталина и, конечно, мы сможем пережить инсинуации Бората (Пер. Джалилова А.). The Times. https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=30077446 – деп түйіндеді. Алайда саясаткерлер Боратты қорғауда басты аргумент ретінде қолданған елге келуші туристер санының артуы ел экономикасына кері әсерін тигізіп,7 7 Pratt, S. (2014). The Borat Effect: Film-Induced Tourism Gone Wrong. Tourism Economics, 21(5), 977–993. https://doi.org/10.5367/te.2014.0394 фильмнің танымалдығы жаңсақ этникалық сенімнің шетелге таралуына ықпал етті.8 8 Kelleher, E. (2020, October 27). Kazakhstan: Racism Disguised as Satiric Humor Is No Laughing Matter. Asia Media International. https://asiamedia.lmu.edu/2020/10/27/kazakhstan-racism-disguised-as-satiric-humor-is-no-laughing-matter/ 2020 жылы мейлінше саяси сипаты бар әрі Қазақстан билігін мысқылдайтын фильмнің екінші бөлімі жарық көргенде Kazakh Tourism мекемесі “Kazakhstan.Very Nice!” атты пиар науқанға қаржылай қолдау көрсетті. Олардың промороликтерінде Қазақстан дамыған, мәдениетті, бай, гүлденген және жылы шырайлы мемлекет ретінде көрсетіліп, әбден көңілі толған туристер Бораттың жаттанды сөзін қайталап, оған жағымды коннотация үстейді:

Бірқатар елдегі сияқты Қазақстанда да саясаткерлер елде болып жатқан оқиғалардың тиімді және өз ойындағы ең жақсы нұсқасын ойлап тауып, насихаттайды. Үгіт-насихат парафикциясы азаматтар арасында да, шетелде де «заманауи дамыған мемлекет»9 9 Назарбаев, Н. (2018, 5 қазан). Послание Президента Нурсултана Назарбаева народу Казахстана:«Рост благосостояния казахстанцев: повышение доходов и качества жизни». Официальный сайт президента Республики Казахстан. https://www.akorda.kz/ru/addresses/addresses_of_president/poslanie-prezidenta-respubliki-kazahstan-nnazarbaeva-narodu-kazahstana-5-oktyabrya-2018-g образын қалыптастыру және сақтау үшін таратылады. Мысал көп, Қазақстан ойдан шығаруды қоймайды. Мәселен, біз 2016 жылы Алматы қаласының мың жылдығын тойладық, 2022 жылы 20 000 лаңкестің шабуылынан аман қалдық, ал 2024 жылы саяси қудалау мен цензура жоқ екенін білдік. Соңғысы өтірік болғандықтан, мемлекет мұндай қиял-ғажайыпты ойдан шығаруды қоймайды. 2021 жылдан бері Qaznews24 сатиралық ақпарат агенттігі дәл осындай жалған дақпыртты мысқылдап келеді. Олардың әлеуметтік желілердегі әзіл-оспаққа толы ақпары ойдан шығарылғаны алдын ала ескертілсе де, сенбесіңе қоймайды. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Нұрсұлтан Назарбаевқа құдай мәртебесін беруді және оны конституцияда бекітуді ұсынды», – деп жазылған елбасы, ұлт көшбасшысының мәртебесіне сілтеме жасаған Qaznews24-тің ең танымал тақырыптарының бірінде.10 10 Алайда кейін елбасы туралы заң күшін жойып, тұңғыш президент туралы атау Конституциядан түбегейлі алынып тасталды. Діни басқарманың баспасөз қызметі жалған жаңалыққа сенбеуге шақырып, артында зілі жоқ әзілді ресми түрде жоққа шығарды. Басылымның негізін қалаушы әрі авторы Темірлан Еңсебекке әу бастан қоқан-лоққы жасалып, бақылауға алынды, пәтеріне тінту жүргізіліп, көп ұзамай оның үстінен көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін іс қозғалды. Осы уақытқа дейін айтарлықтай аудитория жинаған басылым жұмысын тоқтатып, әлеуметтік желідегі аккаунттары жабылды. Бұл іс қоғамда резонанс тудырып, бір жылдан кейін тергеудің аяқталуын күтпестен, Еңсебек күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған Qaznews24 арнасын қайта іске қосты.11 11 Эссе жарияланар тұста Темірлан Еңсебек Qaznews24 басылымындағы жарияланымы үшін «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша тағы да қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Мен Темірланды босату және заңсыз қудалауды тоқтату талабына қосыламын. Көбіне ол саяси және қоғам қайраткерлерінің біліксіздігін, сыңаржақ әрі ақымақ әрекетін алға тарта отырып, көкейтесті мәселелерге назар аудартады, бірақ ара-тұра жақсы жаңалықтарды да жариялайды. Мысалы, ол қатарда ЛГБТК+ қауымдастығының құқығы үшін ұйымдастырылған шерулерді жергілікті билік қолдап, полиция қорғайды деген ақпараттар бар.12 12 Qaznews24 [@qaznews24]. (2024, 7 наурыз). 7 марта в парке Ганди прошел митинг за права ЛГБТК+ сообщества [Пост]. Instagram. https://www.instagram.com/p/C4NSzp5NlBe/

Qaznews24-тің көптеген ақпаратының көбіне шынайы қабылдануының басты себебі – олардың шынымен де жергілікті жаңалықтарға, әсіресе үкіметшіл БАҚ жаңалықтарына ұқсауы. Әсел Аушакимованың «Велошах» (2024) көркем фильмінде мемлекеттік телеарналардағы жаңалықтардың қисынсыздығы, қызметкерлерінің конформизмі, сондай-ақ жас белсенділерді қудалау туралы баяндалады. Қазақстан киносында мемлекет әртүрлі таныстырылып, бейнеленді, соның ішінде жартылай ойға сыймайтын қиялға да ерік беріледі, алайда «Велошахтың» режиссері сюжетке шынайы репортаждарды арқау етіп, көркем баяндау арқылы олардың құрылымын танытады. «Бораттың» мүлдем керісінше түрі пайда болады – мұнда нағыз қазақстандық ақпараттық журналистика қиялмен бүркемеленеді. Мысалы, фильмнің атауы мен ашылу сахнасы: «Қазақстанда велошах атты жаңа спорт түрі пайда болды: шахматшылар ойын кезінде педаль айналдырады»13 13 В Казахстане придумали новый вид спорта – велошах: шахматисты крутят педали во время партии. (2019, 19 сәуір). informburo.kz. https://informburo.kz/novosti/v-kazahstane-pridumali-novyy-vid-sporta-veloshah-shahmatisty-krutyat-pedali-vo-vremya-partii.html сынды фактчекингтен өтпейтін баспасөз хабарламасынан бастау алады. Аушакимова үгіт-насихатшылардың қол жеткеніне не жетпегеніне қарамастан, кез келген жетістікті мемлекетке таңғысы келіп тұратын ұмтылысын әшкерелейді. Фильмнің тағы бір эпизодында жер бетіндегі тіршіліктің Қазақстанда пайда болғанын дәлелдейтін жалған ғылыми кітаптың тұсаукесері өткені көрсетіледі. Бұл да «Жиырма мыңжылдық құпиясы: ізденістер мен ашылулар» (2020) кітабының авторы, экономика ғылымдарының докторы, депутат және «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшановтың14 14 Манджиаторди, Л. (2020, 4 наурыз). Жизнь на Земле возникла в степи Туран, заявил казахстанский ученый (видео). NUR.KZ. https://www.nur.kz/society/1843860-zizn-na-zemle-voznikla-v-stepi-turan-zaavil-kazahstanskij-ucenyj-video/ шын мәлімдемесі.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жалған тарихи ұлттық мифтер қатар жүрді. Тарихты қайта жазып, Шыңғыс хан қазақ болған деген мәлімдемені алға тартқан Қалибек Данияров сияқты фолк-хистори авторлардан кейін суретші Қуаныш Базарғали Қазақстанның балама тарихын жазуды ұйғарып, 2013 жылы «Барша адамзат қазақ болғанда» жобасын таныстырды. Оның әңгімесінде құйрықты жұлдыздың жерге құлауы және дүниежүзілік су тасқыны нәтижесінде Қазақстан басты әлемдік державаға айналады. Мемлекет өзінің мәртебесін сақтап қалу үшін дүниежүзі тарихын, оның ішінде мәдени мұраны бұрмалап, қазақтарды барлық тарихи оқиғаның өзегіне айналдырды. «Жабайы еуропалық тайпаларды құлдыққа түсіріп, Қазақ хандығының шекарасын кеңейткен қазақтың ұлы қолбасшысы Ескендір Мак Дон туралы ел ішінде аңыз тараған. Ақсақалдар немерелеріне ұлы ата-бабалары туралы, сұрапыл дүниежүзілік соғыс, қазақ авиациясының Перл-Харборды қалай қиратып, кейін Хиросима мен Нагасакиді бомбалағаны туралы әңгімелеп берді. Қазақ әскерін бастаған генерал Жукобаев Берлинге (Еуропаның бір жерінде) баса-көктеп кіріп, екі қарапайым қазақ көк гвардияшылары Болатов пен Қошқарбаев Рейхстаг (ежелгі әкімдік) үстінде Жеңіс туын қалай көтергенін сөз етті».15 15 Базарғали, Қ. (813 год после В.П.). When all the people were qazaqs - Когда все люди были казахскими. Kuanysh Bazargaliyev. http://kubazargaliyev.tilda.ws/whenallthepeoplewereqazaq Базарғали сондай-ақ «әлемдік кескіндеменің жоғалған жауһарлары, бірақ түпнұсқа емес, мемлекеттік идеологиялық саясатқа сай» қалпына келтірілген картиналар сериясын да дайындаған.16 16 Базарғали, Қ. (813 год после В.П.). When all the people were qazaqs - Когда все люди были казахскими. Kuanysh Bazargaliyev. http://kubazargaliyev.tilda.ws/whenallthepeoplewereqazaq

Қуаныш Базарғали, «Барша адамзат қазақ болғанда» сериясынан, «Киіз үйдегі қазақ отбасы», 2013. Кенеп, акрил, 80х110 см.
Қуаныш Базарғали, «Барша адамзат қазақ болғанда» сериясынан, «Киіз үйдегі қазақ отбасы», 2013. Кенеп, акрил, 80х110 см.

Мәтінде Қуаныш Базарғали қазақтың ұлы ойшылы, суретші, «Қазақтар ғарышкер болғанда» кітабының авторы Серік Маслановты атап өтеді. Оның ғылыми зерттеулеріне сәйкес, «қазақтар жер бетіне метеоритпен келіп, сол арқылы бұл халықтың Құдайдан келгенін растады» деп жазады Базарғали.17 17 Базарғали, Қ. (813 год после В.П.). When all the people were qazaqs - Когда все люди были казахскими. Kuanysh Bazargaliyev. http://kubazargaliyev.tilda.ws/whenallthepeoplewereqazaq Бұл Қазақстанның заманауи өнерінің басы-қасында тұрған Сергей Масловтың «Қазақтар Сириустан ұшып келген әрі жат планеталықтардың тікелей ұрпағы»18 18 Евдокименко, К. (2012, 26 сәуір). Здесь был Маслов. Время. https://time.kz/news/archive/2012/04/26/zdes-byl-maslov деген мәлімдемесін тұспалдау. Маслов мифке сенетін көрерменнің сеніміне кіріп, соның ішінде өзі туралы миф тарататын атышулы миф тудырушы ретінде танымал. 1999 жылы Маслов америкалық әнші және актриса Уитни Хьюстонға бірнеше жұмысын арнап, онымен ғашықтық хаттар жазғанын алға тартты. Оның өмірін ұзарту үшін бірде суретші өз-өзіне қол салды, ал бұл жалған жаңалықты Алматыдағы «Вояджер»19 19 Евдокименко, К. (2012, 26 сәуір). Здесь был Маслов. Время. https://time.kz/news/archive/2012/04/26/zdes-byl-maslov галереясында жарияланған некрологтың арқасында шындық деп қабылдады.

«Мен Қазақстан сынды ел туралы бұрын-соңды естімеппін. Мен хатты қазақ тілінен аударту үшін ұзақ уақыт аудармашы іздедім, бірақ хат орысша жазылған екен»20 20 Маслов, С. (1999). Из переписки с Уитни Хьюстон. Альманах «Тамыр», 1-2, 114-115. https://refdb.ru/look/2442018-pall.html , делінген Хьюстонның хатында. Онда Маслов алыс шетелдегі жаңа (ойдан шығарылған?) посткеңестік мемлекет туралы салыстырмалы түрде шынайы көзқарасты жобалайды. Ол оның даңқы мен тұтас мемлекеттің атақ-даңқы арасындағы сантүрлі контрасты, Батыстың танымал мәдениеті мен жергілікті мәдениеттің ауқымын келемеждейді: «Мен сіздің елде көптеген фестиваль мен байқау өтеді деп естідім. Маған «Азия дауысы» немесе «Шығыс маусымы» байқауының бағдарлама тізіміне енуге көмек қолын соза аласыз ба? Мәңгі тек сендік, Уитни Хьюстон».21 21 Маслов, С. (1999). Из переписки с Уитни Хьюстон. Альманах «Тамыр», 1-2, 114-115. https://refdb.ru/look/2442018-pall.html Масловтың қазақтар туралы керемет әңгімелеріне ме, әлде оның аты жер жарған поп жұлдызбен болған махаббат дастанына ма, қайсына сенген жөн? Қайткен күнде аталған мифтер Қазақстанның тәуелсіздігін пайымдаумен әрі осы процестің саясатта, мәдениетте және қоғамда ирониялық көрінісімен тығыз байланысты.

Алматылық суретші Катя Никонорованың жұмысынан өзін-өзі мифке айналдырудың біршама өзгеше тәсілін байқауға болады. 2014 жылы ол өзін орталықазиялық әйел құдай Қатипа апайдың «реинкарнациясымын» деп жариялады. Ол туралы Катипаапизм немесе қазіргі тәңіршілдіктегі «Ұмай құдайына қатысты культтің бір тармағы» туралы аңыз тараған. Ақ көйлек киіп, кимешек таққан Қатипа апай жаңа шамандық рәсімдер жүргізіп, «Алматыны қасиетті етуден» бастап, «халықты емдеп», әр кеңістікті өзінің Өнер Ғибадатханасына «неономад параинститутына» айналдырады. Оның ойдан шығарылған әрі көшпелі табиғаты неономадизм идеясын ғана емес, сонымен қатар экономикалық жағдайлар орталықазиялық әйел суретшілерді «ғибадатхана жабылмас үшін»22 22 Храм Искусств Катипы Апай / Katipa Apai Temple of Arts. (2019, 25 қазан). КАТИПААПИЗМ: Методическое пособие по модернизации сознания [Пост]. Facebook. https://www.facebook.com/story.php/?story_fbid=1828178773980858&id=422109247921158&_rdr ойдан шығарылған құрылымдар жасауға мәжбүр ететін шындықты көрсетеді.

2012 жылы Мария Вильковиская мен Руфия Дженрбекова ойдан шығарылған мәдениет орталығы Крөл орталығы параинститутының негізін салды. Шығу тегі аралас транслокалдық куир адамдардың атынан көрмелер, акциялар және басқа бұқаралық іс-шаралар өткізіп, поэзия оқып, перформанс көрсетеді, сондай-ақ басылымдар шығарады. «Қағаз ұйымдарды, сондай-ақ жағдайлар мен байланыстарды жобалау конструктивистердің абстрактілі туындыларының біздің ойымыздағы нұсқасы. Практикалық мағынада ойдан шығарылған институттарды құру өткір институционалдық тапшылық бар елдерде мұқтаждық болып саналады, өйткені бұл онсыз «көркемдік жағдай» туындамайтын мәдени контекст құрудың жалғыз тәсілі».23 23 Крёльски центр. (2021). Художественная демократия и её ненастоящие институты. Horizon. https://horizon.tselinny.org/ru/issues/1/kreolex-center Екі параинститут та көркемдік әдіс ретінде ойдан шығарылған формаға мойын бұрып, өзінің жалған өзін-өзі ұйымдастыруын мәдени контекстпен байытады. 

Белгілі бір мағынада «ұлтты емдеу» мақсатын көздейтін парафикция деколониал құралға айналуы мүмкін. «Абайсыз қыз» (2023) жобасында суретші Дәрия Темірхан Абайдың «Қара сөздерінен» екі дәйексөзді таңдап алып, «орыс» сөзін «қазақ» сөзімен алмастырып, оларды ақынның шынайы тұжырымы ретінде Ұлттық кітапхана жанындағы бұқаралық кеңістікке шығарып қойды. «Қазақша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі қазақта тұр… Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, білімін білмек керек. Оның себебі – олар дүниенің тілін білді… Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады».24 24 Абай Құнанбаевтың «Сөз кітабынан» (немесе «Қара сөздері») алынған түпнұсқа мәтін: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр... Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі». Темірхан ишараты арқылы мемлекеттік үгіт-насихат сияқты парафикцияның күнделікті өмірге қалайша байқаусыз дендеп енетінін көрсетеді. 

Дәрия Темірхан, «Абайсыз қыз», 2023. Фото Данияр Мүсиров, ARTBAT FEST, Еуразиялық Мәдени Альянс
Дәрия Темірхан, «Абайсыз қыз», 2023. Фото Данияр Мүсиров, ARTBAT FEST, Еуразиялық Мәдени Альянс

Бораттың отанынан алып державаға, жер бетіндегі тіршіліктің пайда болу өлкесінен билік ЛГБТК+ құқығын қорғайтын мемлекетке дейін, яғни Қазақстанның саясат, мәдениет пен өнердегі образы әртүрлі. Мұндай парафикциялар жай ғана балама нарратив тудырмайды, олар шындықты көрсетіп, оған әсер етеді. Қазақстан туралы шектеулі түсінік пен ұлттық сананың көтерілуі әртүрлі мифтер, соның ішінде «нағыз қазақылық» туралы миф тудырды, өйткені ақиқатты зерттеу үшін көптеген дауыс, перспектива мен интерпретация керек. Өнер шындық, қиял мен миф тоғысқан кеңістіктер құруда шешуші рөл ойнап, күрделі, көпқабатты осы шақты түсінуге негіз құрады. Сатиралық жаңалықтардан ойдан шығарылған мәдени институцияларға дейін парафикция сынның бір түрі ғана емес, сондай-ақ қарсылық әрекетіне де айналады. Мемлекет фактілерді бұрмалап, ақпаратты манипуляциялап, оны ашық сынағандарды жазаласа, суретшілер парафикциядан әзіл-оспаққа да, үгіт-насихатты әшкерелеуге де, тарихты қайта пайымдау мен ұжымдық арманға да орын табады.