Авангардтық мәдени өндіріс ұйымдастырудағы «Красная заря» кооперативі колхоз мұражайының шындығы
Оксана Капишниковамен бірге Талас облысына Бішкек Заманауи өнер мектебінің (БиШСИ) арт-экспедициясы аясында осы зерттеуді жүргіздік. Арт-экспедицияның қорытындысы бойынша «Аралаш №5. Талас. Өнер. Кино» зин-каталогы жарыққа шықты. Оны мектептің негізін қалаушы Сыйнат Жолдошева, Әлима Тоқмергенова, Оксана Капишникова, Диана Ухина, Бермет Бөрүбаева жасақтап, Медер Товкеев көмек көрсетті. Каталогтағы кейбір мәтіндер пайдаланылды (URL: https://bishci.com/aralash).

Бішкек Заманауи өнер мектебінің ұйымдастыруымен Талас өңіріне арт-экспедиция жасау жаңалыққа әрі еркін мәдениет қызметкерлерінің ерекше мәртебесінің арқасында «артықшылыққа» ие жандар ғана аяқ басатын сырға толы құпияға айналды. Бұл мәселе төңірегінде біраз дауластық: бір жағынан, бізде бірқатар артықшылық пен символдық капитал бар, екінші жағынан, өзіңді жалаң ынтамен жұмыс істейтін, тұрақты еңбекақысы жоқ, беймәлім жағдайда жүргендей сезінесің. Талас тұрғындарына өнер саласынан тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибесін ортаға салып, жергілікті мұражайлармен тегін жұмыс істеу үшін екі асудан асып, ұзақ жол жүріп жай адам бара ма?
Талас өңіріндегі мәдени нысандарды зерттеу ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтиды. Мұрағат материалдары, басылымдар, сұхбаттар, көркем шығармалар, кітаптар және облыстағы шығармашылық ұйымдардың жұмысына қатысты жеке бақылау ақпарат көзіне айналды.
Бұл зерттеу Кеңес Одағының жақсылығын алға тартып, өткенді аңсауға талпыну емес. Тіпті де олай емес. Бұл мәдениет, ұжымдық қатысу және қазіргі заманғы мәдениеттің неолиберал күн тәртібіне қарама-қайшы, бірінші кезекте адамның қажеттілігіне бағытталған орта құру мәселесін тереңірек талдау.

Мұражай болсын, кинокөрсетілімдерді ұйымдастыру болсын, талдау мәдени өндірісті талдауға, жеке және ұжымдық меншік арасындағы экономикалық қатынастарды зерттеуге және ұжымдық өзін-өзі ұйымдастыру арқылы эстетикалық және мәдени қажеттіліктерді қанағаттандырудың баламасына негізделген. Колхоз мұражайы мен Мәдениет үйі біз үшін қандай да бір мүсінге айналады, біз оны жай ғана ғимарат немесе заттардың жиынтығы ретінде емес, ұжымдық ойлау деңгейінде мекемелер жұмысын құрудың жеңіл утопиялық формасының құймасы ретінде қарастыра аламыз және осы жалпыға ортақ қатысу нысандарына қатыстылығы ұжымдық шешім қабылдаудан бой тартпауды ұғындырады.
Сансыз миф тудыратын метанарративтер мен социалистік жобалардағы «ақиқат» туралы біздің үзік-үзік көзқарасымыз қазір таптық жіктелу мен жекелеген құбылыстарды сыни тұрғыдан талдауға кедергі жасайды. Бұл біздің басымыздан өткен әрі қатысуымызбен болған оқиғалардың бәрін үлкейтуге және лупа арқылы жақыннан қарауға мүмкіндік беретін құралдардан тұратын осы жарияланымға негіз болды.

ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ӨЗІН-ӨЗІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ҰЙЫМЫ РЕТІНДЕГІ «КРАСНАЯ ЗАРЯ» КОЛХОЗЫНЫҢ МҰРАЖАЙЫ
1959 жыл. «Красная заря» колхозы сүт-тауар фермасының қызыл бұрышында колхоз суретшісі Теодор Теодорович Герцен туындыларының көрмесі ашылды. Жас суретшінің туындылары қарапайым еңбек адамдарына — шопандар мен тракторшыларға арналған. Келушілер қызыл бұрыштың қабырғасынан майлы бояумен және акварельмен салынған озат колхозшылардың портреттері мен туған ауылының пейзажын көрді. Бұл шағын көрме Орловка (қазіргі Ақ-Дөбө) кентінде мұражай ұйымдастырудың алғашқы қадамы болды. Ақ-Дөбө ауылы бастапқыда Йоханнесбург деп аталған, онда негізінен Польшадан келген немістер тұрған. Мұражай тұрақты түрде белсенді ағарту жұмысымен айналысып, көркемдік деңгейі жоғары туындылармен қорын толықтырып отырды. Бір жылдан кейін ауыл орталығында орналасқан бұрынғы клуб ғимаратынан колхоз мұражайы ашылды. Бұл ауыл тұрғындарына ғана емес, бүкіл Талас алқабының тұрғындары үшін үлкен оқиға болды. Мұражайдың салтанатты ашылуына қырғын адам қатысты.

«Красная заря» колхозының есепшісі Теодор Теодорович Герцен «еңбекшілерге эстетикалық тәрбие беру және қырғыз өнерінің жетістігін насихаттау» мақсатында 1962 жылы өнер мұражайын ашуға бастамашы болды.
Игі бастама қолдау тауып, Қырғыз мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайымен тығыз байланыс орнады. Көрмеге мұражай қорынан белгілі ресейлік және кеңестік суретшілердің бірнеше жұмысы қойылды. Содан кейін мұражайдың көшпелі көрмесі колхозшыларды XV–XIX ғасырлардағы Батыс Еуропа суретшілерінің кейбір туындыларымен, қазіргі румын графикасымен, Эрмитажда, Мемлекеттік Ресей мұражайында және мемлекеттік Третьяков галереясында сақталған картиналармен және туындылардың репродукциясымен таныстырды. Сондай-ақ қырғыз кескіндеме және графика өнерінен бірнеше көрме ұйымдастырылды. Қырғыз КСР Мәдениет министрлігі Қырғыз мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының жинағынан кеңес суретшілерінің отызға жуық туындысын «Красная заря» колхозына тапсырды. Колхоз мұражайының қоры суретшілердің сыйлықтарымен, колхоздың экспонат сатып алуымен толығып отырды. Осылайша, «мұражай жұмыс істеп тұрған жиырма жылға жуық уақыт ішінде оған 105 мыңнан астам адам келген» (С.Асанбеков, «Колхоз мұражайы»). Мұнда облыстар мен аудандардың тұрғындарымен қатар, одақтас республикалардың азаматтары табан тіреген. Мұражай залы ешқашан бос болмайтын, мұнда күн сайын колхозшылар, мұғалімдер, шопандар, үй шаруасындағы әйелдер, оқушылар келіп-кетіп жататын.
Мұражайдың заманауи ғимараты 1982 жылы бой көтерді. Ол үш залдан тұрды: археология-өлкетану экспонаттары қойылған Манас залы, Герцен әулетінің туындылары залы, Талас облысы, Қырғызстан мен бұрынғы Кеңес Одағының басқа да республикаларының атақты суретшілерінің залы. Белгілі суретшілер шығармашылығында «Красная заря» колхозында еңбек ететін неміс, қырғыз, орыс, украин және жұмыла жүк көтеріп, мәдени қызметпен айналысқан басқа да ұлт өкілдерінің еңбегін жоғары бағалап, мадақтады.


Дильфируз Игнатьева. Қ.м. Герцен атындағы «Красная заря» колхозының Бейнелеу Өнері мұражайынан, Ақ-Дөбө, Талас облысы. Фотосурет: Оксана Капишникова.
Мисюрев А. И. Қырғыздың жас кеншілері. 1968, х.м. Герцен атындағы «Красная заря» колхозының Бейнелеу Өнері мұражайынан, Ақ-Дөбө, Талас облысы. Фотосурет: Оксана Капишникова.
ГЕРЦЕН АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙДЫҢ ДАМУ МӘСЕЛЕСІ
Қазіргі таңда Талас ауданына қарасты Ақ-Дөбө ауылындағы Теодор Герцен атындағы бейнелеу өнері мұражайы жергілікті Ақ-Дөбө ауылдық әкімдігінің балансында болғанымен, бірегей қорын сақтау және дамыту үшін мұражай қосымша қаражат пен ресурсқа аса мұқтаж. Жоғары деңгейдегі өнер туындылары (кескіндеме, графика, мүсін, қолданбалы өнер мен археологияға жататын 1600-ден астам мұражай туындысы) болғанына қарамастан, қазіргі сәтте материалдық-техникалық жағдайдың жоқтығынан коллекцияны көрмеге қою және сақтау орасан зор олқылықпен жүзеге асып келеді. Мұражайға жеткілікті деңгейде қаржы бөлінбейді, келушілер аз, Мәдениет министрлігінің бюджетінде де бұл мұражайға ақша қарастырылмаған. Бүгінде мұражай даму үшін қолдауға аса мұқтаж, әйтпесе, уақыт өте келе құнды жәдігерлерден айырылып, мұрадан біржола көз жазып қалуымыз мүмкін.
Қазір жергілікті билік ғимарат пен қызметкерлер шығынын, яғни директор мен суретшінің жалақысын көтеріп отыр. Муниципалитет жылу мен барлық коммуналдық қызметті, соның ішінде көгалдандыру, тазалау және жөндеу жұмыстарын да мойнына алған. Мұражайдың қажеттілігіне жыл сайын жалпы есеппен 700 мың сом бөлінеді, оған мұражайды ұстап тұру мен еңбекақы кіреді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Мұражай стандартына сай қор сақтайтын арнайы орын ауадай қажет, әйтпесе алдағы бірнеше жылда құнды жәдігерлерден айырылып қалу қаупі бар. Қазіргі уақытта туындылар баспалдақ астында, еденде сақталады, температура мен ылғалға қатысты талап пен мұражай жәдігерлерін сақтаудың басқа да міндетті ережесі ескеріле бермейді. Сондай-ақ мұражай туралы бүкіл ақпаратты цифрлық форматқа көшіру және заманауи медиа арқылы мұражай туралы айту, мұражайға баруды туристік маршруттар мен білім беру бағдарламаларына енгізу керек.

«КРАСНАЯ ЗАРЯ» КОЛХОЗЫ — ЕҢБЕК, МӘДЕНИЕТ, ТАРИХ
«Красная заря» миллионер колхоз атағымен танымал. Бұл жерге жұмысшылар көрші ауылдардан ағылған. Колхоз Талас ауданынан шалғай орналасқан, немістердің қонысы саналатын Орловка (әуел баста «Orloff») ауылынан бастау алады. Шалғай жатқанына қарамастан, мұнда өмір сүру мен дамуға қажетті дүниенің бәрі болды: мал шаруашылығы кешеніндегі жұмыс, Мәдениет үйі, жұмысшыларға арналған тұрғын үй, тіпті Теодор Герценнің бастамасымен бой көтерген бейнелеу өнері мұражайы бар еді. Негізін салушы оны колхоз мұражайы деп атады. Ол жұмысшылардың портретін өзі салған, музей қорына еліміздің түкпір-түкпірінен суретшілердің ең жақсы туындыларын таңдап алған. Сондай-ақ үлкен кітапхана, мектептер, балабақшалар, тіпті облыс орталығы Таласта да жоқ америкалық әткеншек пен шолу дөңгелегі бар ойын-сауық саябағы да болды.
Қазір бұл ойын-сауық саябағы мереке күндері ғана жұмыс істейді. Сондай сирек сәттерде көрші ауылдардан да келушілер көп болады, балалар үшін өзінше бір мереке. Саябақтың айналасы қоқысқа толы. Кітапхана Мәдениет үйі ғимаратынан Герцен атындағы мұражайға көшірілді, себебі жергілікті депутаттар өздері отырған ғимаратты сатып, кітапханаға орналасты. Қаржы үнемдеу мақсатында Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісінің орынбасары және кітапханашы қысқартуға ұшырады. Қазір Мәдениет үйінде шығармашылық бағдарлама жоқ, ал кітап беретін адам болмағандықтан, кітапхана жай ғана бос тұр. Бұл Талас өңіріндегі ең ірі кітап қоры бар, оқуға құштар балалар жан-жақтан ағылып келетін орын еді, сондағы кітапханашыға айына беретін 3000–4000 сомды (30–40 EUR) үнемдеуге тура келді. Кітапхана деген аты болғанымен, кітап қойылған сөрелер мұражайда, Теодор Герцен жинаған бірегей коллекция жиналған орынның бір бөлігін алып тұр. Осыған байланысты картиналар баспалдақтың астына қойылды. Олардың бұдан былайғы жерде қалай сақталатыны, қашан қалпына келтірілетіні белгісіз. Өйткені елімізде жалғыз кәсіби реставратор бар, оның бұл аймаққа келе қоюы екіталай.

Қырғыз КСР Талас ауданы Орлов ауылдық кеңесінің «Красная заря» Ауылшаруашылық артелінің Жарғысын қарай отырып, көп нәрсені түсінуге болады, бірақ қоғамдық еңбекті ұйымдастыру арқылы еңбеккерлерді әлеуметтік және мәдени-ағартуды қамтамасыз ету жүйесі қалай құрылғанын көру маңызды.
Өмір сүру сапасын жақсарту мен мәдениетті дамытуға баса назар аудару Жарғының бірінші тармағында бекітілгені, сөз жоқ, таңғалдырады, әрі өз алдында бөлек ауыл шаруашылығы артелін құру мақсаты болған: «Красная Заря» ауылшаруашылық артеліне ерікті түрде біріккен Қырғыз КСР Талас ауданы Орловка ауылының еңбекші шаруалары жалпы өндіріс құралдарымен, ортақ ұйымдасқан еңбекпен ұжымдық шаруашылық, яғни қоғамдық шаруашылық жүргізуді Кеңес Одағының коммунистік партиясы көрсетіп берген, жаңа техника мен алдыңғы қатарлы ғылым жетістіктерін, тәжірибесін қолдануға кеңінен мүмкіндік беретін, колхоздар мен колхозшылардың бақуатты және мәдени өміріне кең жол ашатын еңбек өнімділігі арқылы көбірек өнім алуды мақсат пен міндет етіп қойды» (1-бет). Әрине, мемлекеттік меншік пен колхоздардың жерді пайдалануына ерекше мәртебе беру негізгі шарт болды: «Артель алып жатқан жер тұтастай, КСРО-дағы барлық басқа жер сияқты, мемлекет мерзімді пайдалануға, яғни мәңгілік колхозға бекітіп берген қоғамдық-мемлекеттік меншік болып саналады әрі сатып алуға, сатуға және артельге жалға беруге тыйым салынады» (1-бет).
Қазір жұмыс істеу, қандай да бір өнім өндіру, өнермен айналысу үшін жерді немесе кеңістікті қомақты қаражатқа жалға алуға тура келеді. Мемлекеттік тапсырыс жоқ, гранттар шектеулі, көбіне жалға алуға қаражат жоқ, сондықтан музыка мектептері мен кітап клубтарының орнына супермаркеттер мен тойханалар ашылады. Ал ол уақытта тауар мен қызметке негізгі тапсырыс беруші мемлекет болды, бұл колхозды өнімді өткізу қиындығынан құтқарды, олар өндірген дүниесінің бәрін сатып алатынына сенімді болды және негізінен өндіріспен айналысты: «Артельдің бүкіл қызметі әртүрлі ауыл шаруашылығы өнімін барынша көп өндіру мен мемлекетке сатуды арттыруға және соның негізінде колхозшылардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған» (4-бет). Жарғыдан колхозда арнайы қор құрылып, оның есебінен әлеуметтік және ағарту бағытындағы инфрақұрылым, тұрмыс, демалыс және мәдениет нысандары салынғанын көруге болады.
ТАЛАС МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ЕЛЕСІ
Талас Мәдениет үйінің «қаңқасы» ғана қалған, салынбай жатып кірпіштеп тасып әкеткен. Оның тағдыры сіз бен біздің тағдырымызда көрініс тапқан мәдениеттің материалдық жағдайын айқын көрсетеді.

Таластағы сұрқай көріністі Мәдениет үйінен көрдік. Бүгінде ол ұмыт болған және ешкімге керек емес сияқты. Әйтпесе, 80-жылдары ауқымды жобаға сай жоспарланған: 500 адамға арналған зал, шеберханалар мен спорт залына дейін ойластырылған. Құрылыс аяқталып, жиһаздар мен құрал-жабдықты жеткізе бастаған кезде бәрі құрдымға кетті. Бірегей ғимараттың кірпішін бір талдап тасып әкетті. Түгін қалдырмады. Соның салдарынан қазір бұл жерде өткен күннің талпынысын еске салатын қиранды ғана жатыр. Мәдениет үйін қазақстандық университетке табыстау арқылы сақтап қалуға тырысты, бірақ жер аумағына қатысты алаяқтық салдарынан ғимарат қараусыз қалды, сот ісі әлі жалғасып жатыр. Мыңдаған бала оқып қана қоймай, музыкамен, кескіндемемен және эстетикалық дамумен айналыса алатын қоғамдық мәдени орталық құру мүмкіндігін қолдан жіберіп алғанымыз сияқты, ғимараттан да мәңгілікке қол үзіп қалған сияқтымыз.
Бір күні қараусыз қалған ғимаратқа жақындадым. Сыртынан қарағанда тіршілік нышаны байқалмайды, бірақ ішінен біртүрлі оғаш дыбыстар шықты. Үйсіз босып жүргендер ме, әлде қарақшылар ма деп ойладым. Бойыңды күдік билеп, ғимараттың іші қауіпті екенінен хабар береді. Маңайда өтіп бара жатқан балалардан: «Мұнда не бар екенін білесіңдер ме?» — деп сұрадым. Негізі мектеп салынуы керек еді, бірақ белгісіз себептермен құрылысы аяқталмай қалды дейді. Мұндағы халық ғимараттың өздеріне тиесілі екенін, баршаға ортақ болғанын, қазір қолды болғанын біле бермейді екен. Қорқынышымды жеңіп, ішке кірдім. Жоғарғы қабаттан оғаш дыбыстар естіледі: еденге бірдеңе соғылып жатқандай, айғайлаған ер адамдардың дауысы шығады. Екінші қабатқа көтерілгенімде ортада жатқан тастарды айнала қоршаған шеңберлерді көрдім. Бірнеше еркек әлгі тастарды көздеп тас атуға кіріскен. Қырғыз тілінен аударғанда «орталық» деген мағынаны білдіретін «Ордо» ұлттық ойынын ойнап жатқанын айтты.
Бұл өте танымал ойын екен, тіпті ардагерлерден тұратын командалар баршылық, осыған орай жарыстар да жиі өтіп тұрады. Әлгі ер адамдар осындай ойындарға қатысу үшін жаттығады екен. Міне, орталықтың жай-күйі осындай. Бұл орталықта осы жердің бар дерті шоғырланған. Ол әртүрлі ойындар, соның ішінде «Ордо» ойнауға болатын арнайы спорт залы бар көпфункционалды мәдени орталық болуы бек мүмкін еді. Бірақ оның орнында қираған қабырғадан басқа ештеңе жоқ. Көрші аудиториялардан музыка үні естілмейді, кескіндеме теориясы бойынша сабақтар өтпейді, нота сауаттылығы мен би ырғағын да үйретпейді. Құдды мейлінше саналы өркениеттің қирандыларының үстінде тұрғандайсың.
Google іздеу жүйесіне «өнер», «мәдениет», «Талас» деген сөздерді терсеңіз, заң бұзу, ақша жымқыру мен жергілікті биліктің ақшаны мақсатсыз пайдалануы туралы ақпарат көбірек шығады. Мұндай мазмұндағы ақпарат Одақ ыдырағалы бері күн тәртібінен түспей келеді. Бір кездері сот жүйесінде өрескел қателіктерге қарамастан, кооперативтік экономиканы сақтап қалуға талпыныс болды, бірақ ақыр соңында бәрі жекешелендірілді: «Бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшылары мен еңбек ұжымы шаруа қожалықтарының дамуына қарсылық көрсетіп, осы мақсатқа жер телімдерін бермеу туралы ұжымдық шешім қабылдап отыр. Мәселен, Бақай Ата ауданындағы «Красная заря» колхозының ауылдық жиналысы 1993 жылғы 21 сәуірдегі №2 аудандық мемлекеттік әкімшіліктің колхоздың жер пайдалануынан жердің бір бөлігін ауданның арнайы қорына тәркілеу және шаруа қожалықтарына учаскелер беру туралы шешімінің күшін жою туралы қаулы қабылдады».
Сатылған ауыл шаруашылығы артеліне кіретін кәсіпорындар жұмысшылардан теріс айналды: «Талас ет-сүт комбинаты мен «Қара Бұрын» ірімшік зауыты акционерлік қоғамға айналғанда, құжаттамада ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің аталған акционерлік қоғамдарға құрылтайшы ретінде кіру құқығы қарастырылмаған». Жаңа қаулыға сәйкес, олар енді ұйым мәселесі бойынша ешқандай шешім қабылдай алмайды, яғни жалдамалы жұмысшыға айналды: оларды мал, қарабайыр тобыр деген жалаң түсінікті алға тартып, кез келген уақытта жұмыстан шығаруға болады. Олар табыс әкелетіндей кәсіпті дұрыс жүргізе алмайды, оларға өнер-білімнің керегі жоқ. Зауыттың қазір бізге белгілі болып отырған жарты ғасырлық тарихының ретроспективасы мүлдем кереғар дүниені көрсетеді.
Түрлі әлеуметтік жобаға, соның ішінде облысты дамытуға Жерүйден түсетін 500 миллион сом қаражат бөлінеді. Қаражат бар, бірақ басқалардың қалтасына түседі, ал көмек қажет бола қалғанда барлығы ұжымның немесе жеке адамдардың батыл бастамасына ғана арқа сүйей алады. Сондай-ақ, Талас облысы, басқаларға қарағанда, мигранттарға тәуелді емес, халықтың басым бөлігі Түркияға экспортталатын бұршақ және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру саласында жұмыс істейді. Көбінесе жастар Бішкекке, кейде одан да алысқа кетеді, ал жергілікті жерде жаңа кадрлар жұмысқа сирек орналасады. Нақты мәдениет туралы айтатын болсақ, мәселен, мұражайлардағы орташа жалақы айына 3000–4000 сом (35–40$).
А. Огонбаев атындағы балалар музыка мектебінің жанынан құрылған би ансамблі жетекшісінің біздің фестиваль туралы айтқан пікірі ерекше есімде қалды. Бұл — республикадағы «Халық би ансамблі» атағын алған Бішкектен тысқары жердегі алғашқы ұжым. Ол біздің фестиваль туралы: «Мен мұнда 26 жылдан бері жұмыс істеймін, бізде мұндай ауқымдағы іс-шара өткені есімде жоқ», — деді. Оксана Капишникова екеуіміз мұрағат құжаттарын оқып отырып, мәдениет саласындағы жұмыстың қалай жүйелі ұйымдастырылғанына куә болған сияқтымыз. Кино өндірісі туралы құжаттардың бірінде «Барлық ауылда көрсетілімді ұйымдастыру» деген тармақ болды. Қазір мұндайды қайдан көре аламыз?


№ 208 қор. «Красная заря» колхозының мұрағат құжаттары. Ақ-Дөбө, Талас облысы. Ленинполь мәдениет басқармасының 1951 жылға арналған 4 парақты әлеуметтік келісімі. МЕМ.МҰРАҒАТТЫҢ Талас бөлімшесі. Қырғыз ССР еңбекші халық депутаттары Ленинполь аудандық кеңесі атқару комитетінің мәдениет бөлімі. Зерттеу: Оксана Капишникова және Бермет Борубаева, 2020.
Шындық. Қиял. Миф
Арт-экспедицияны жоспарлаған кезде «Манас» эпосын басып шығару үшін жасаған линогравюра циклінің арқасында Талас өңірінде Қырғызстанның өнер тарихында өте маңызды орынға ие болған қайраткер Герцен атындағы мұражай бар деген ақпарат қана болды. Контекст, тарих және орын туралы басқа дерек болған жоқ. Адамдармен сөйлесу, Талас өңіріндегі мұражайларды аралау, ұйымдастырудың қиындығы мен мұрағат құжаттарының арқасында басқа бір әлемді көруге жол ашылды. Мұрағат құжаттары социалистік құрылыстың ауқымды жобасы аясында құрылған дәуірді сараптауда «лупа» қызметін атқарды. Мұндай кеңестік жобаларда мені қызықтыратыны — «шындықтан» алыстап, мүмкін бола алатын ойдан шығарылған қиял, утопия жасау.
Әр дәуірдің ненің қиялмен/фантазиямен жасалғанын анықтайтын өз «шындығы», өз қиялы бар. Шындық субъективті. Өзің үшін шындық бола алатын қиялға айналған шындықты ойлап табуға болады. Қиял фантазия арқылы туады — «шындықтың» жарықшағы қаншалық көп болса, қиял соғұрлым фантастикалық болып көрінуі мүмкін. Бүгінде колхоз өмірінің күзгі жапырақтай сарғайған фотосуреттері бізге шындықтан гөрі «қиял» болып көрінеді. Дәуір құжаттарына негізделген мұрағаттық зерттеу одан да терең фантастикалық қиял тудырып, бір шындықтың бейнесін екіншісінің артынан салатын әдіснамалық саты іспетті. Біз шындықты «қазу» кезінде қаншалық тереңге бара аламыз? Әрбір шындықтың артында қиял тұрса, онда шындықтың қажеті қанша?
«Шындық» және «қиял» санатына «мифті» де қосар едім, өйткені біз «шындықты» құра отырып миф жасаймыз. Бұл нақты саясатты жүзеге асыруға, билік орнатуға және оны ұстап тұруға негіз болады. Кез келген билік қоғамда қажетті құрылымдарды жасауға негіз болатын мемлекеттілік, ұлттық құрылыс, халықтың ежелден тамыр тартатыны туралы және басқа мифке негізделеді. Егер қиял бұл жағдайда «зиянсыз» сипатқа ие болып, шығармашылық туындыға айналса, онда миф таза утилитар мағынаға ие және сол қоғамдық құбылыстарды өз пайдасына орай қайта жандандыра алады, сондықтан тарихи оқиғалар мен мұрағат материалдарын талдау барысында мұны мұқият ескеру өте маңызды.
Мұрағат материалының барлығы Талас облыстық мұрағат қызметкерлерінің арқасында жиналды. Талас облысы Ленинполь ауданының мұрағат құжаттарын іздеуге орасан зор үлес қосқан Қадира Қойшыманқызы Төрөбековаға тақырыпқа орай деректер табылғанда ерекше ілтипат білдіргені және алдағы ынтымақтастық ниеті үшін ерекше алғыс айтамын!
Мақала материалдарын бірлесе іздеген Оксана Капишниковаға және Талас пен Талас өңіріне жасалған арт-экспедиция үшін өнер мектебінің ұжымына алғыс білдіремін.
Пайдаланылған әдебиет:
- Асанбеков С. Колхоз мұражайы. Қырғыз ССР Талас облысы Ленинполь ауданы «Красная заря» колхозының бейнелеу өнері мұражайы.
- Қырғызстандағы мал шаруашылығының тарихы (1980–1990 ж.): тәжірибе және мәселелер. Ишенбекова Н.Т. «Қырғызстан» баспасы, Фрунзе, 1984. 120 б.
- Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертация. Қолжазба құқықтары ӘОЖ: 947.1 (575.2) (043.3). 07.00.02 – Отан тарихы мамандығы. Қарақол – 2010 ж. URL: https://libraryiksu.kg/public/assets/upload/works/1140_Ishenbekova_N.T.pdf5e438d60830da.pdf
- «Красная заря» колхозының ауыл шаруашылығы артелінің 1964 жылға арналған жарғысы (10 парақ). Мемлекеттік мұрағаттың Талас бөлімшесі. №167 қор – 10-б.
- 1951 жылға арналған Ленинполь мәдениет басқармасының әлеуметтік келісімі (4 парақта). Қырғыз КСР еңбекші халық депутаттары Ленинполь аудандық Кеңесі атқару комитетінің мәдениет бөлімі. Мемлекеттік мұрағаттың Талас филиалы. №208 қор – 4-бет.