Recto/Verso: Өзбекстандағы фотографиялар мен мұрағаттар туралы жазбалар

1. Естелік тәжірибесі

Вячеслав Ахунов, “Естелік үшін”, 2023-2024.
Вячеслав Ахунов, “Естелік үшін”, 2023-2024.

Дастархан үстінде шәйнек, пиала, жеміс-жидек пен нан тұр. Мәуелей өскен талдың саясында отырған ер мен әйел камераға көз алмай қарайды. Мамыражай отбасылық отырысты олардың тұлғасын жасырып, жүзін жартылай бұлдыр етіп көрсететін көзден аққан қатыгез көз жасы бұзады. Бұл ишарат көрсетуге тыйым салынған,  фотосуреттерінің өзі жойылған қуғын-сүргін құрбандарын еске салады, себебі суретке бола айыпқа ілігу оңай едi1 1 Совет цензурасы мен бұрмалауы туралы т.б ақпаратты Дэвид Кингтің The Commissar Vanishes: The Falsification of Photographs and Art in Stalin's Russia (New York: Metropolitan Books, 1997) кітабынан және Олег Карповтың Түркістан мұрағатындағы цензураға ұшыраған 1930-шы жылдардағы фотосуреттердің өзбек үлгілерінің жақында өткен көрмесі туралы толығырақ «Зияющие пустоты», 139 Documentary Center (30 наурыз 2024 ж.) білуге  болады. . Әйелдің қолына жайлана жайғасқан кішкентай қыз бала бұл жіті назардан тыс қалған. Шашындағы бұршақтай ноқаттары бар банттың дәл үстінде болған қорлық әрекетінен хабарсыз. 

Бұл жұмыс Вячеслав Ахуновтың жады немесе естеліктерді жою [стирание памяти] туралы «Естелік үшін» [«В память»] сериясынан алынған. Ахунов жобаны көп жыл бойы өзі байқап жүрген идеологиялық нарратив, циклдарға жақтасқан жадыны қайта-қайта жойып, талқандаумен байланыстырады:

«Мен тұрған қалада алпысыншы жылдары Сталиннің ескерткіштері, портреттері, фотосуреттері, түрлі бейнесі жоғала бастады. Естеліктерді өшіру туралы алғашқы ой сол жылдары пайда болды. Артынша отбасылық мұрағаттардағы естеліктердің/бейнелердің жойылғанына куә болдым, соның ішінде біздің фотосуреттерімізде де кейбір бейнелер беті ағарғанша өшірілген еді. Елуінші жылдардың басынан бастап бүгінгі күнге дейінгі менің саналы ғұмырым сталинизмнен бастап КСРО-ның жойылуына дейінгі кезеңдердегі «жадыны жоюдың» гуілі, тарс еткен үні мен шуының айналасында өтті».

Фотосуреттің түпнұсқасы Ахуновтың досы болып келетін тігінші әйелге тиесілі еді. Отбасылық суреттерінің көзін жойған әйел осы бір суретті Ахуновқа беруге келіскен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фотоальбом салынған анасының шабаданын біреулер ұрлап кетеді. Бұл жоба сол хикаямен тікелей байланысты. Өзгелердің фотосуретін жинай отырып, Ахунов өзінің қолды болған мұрағатын кеш те болса құтқарып қалуға тырысатындай.

Серияның тақырыбы табылған фотосуреттен, үш достың портретінен алынған, оның астында «ДОСТЫҒЫМЫЗ ЖӘНЕ БАҚЫТТЫ КҮНДЕРІМІЗДІҢ ЕСТЕЛІГІ ҮШІН»2 2 Ахунов, автормен әңгіме, 24 қаңтар, 2024 жыл. деген сөз жазылған. Бұл атау Ахуновтың есіне біраз дүниені түсіреді, олардың ішіндегі ең маңыздысы — орыстың «в стол», яғни «үстелде» деген сөзі. Бұл кеңестік кезеңде пайда болған, біреудің көруіне мұқтаж болмаған, керісінше, көзге түспеу мақсатында жасырылған бейресми жұмыстарға қолданылатын сөз. Фотосуреттерді бірден әшкерелейтін әлеуетті цензурадан бастап, аудиториясыз жұмыс істеуге дейінгі екі әрекет те ресми көзқарастан сескенген еді, себебі жұмыстар талқыға түсіп, жасырылары сөзсіз.

Ахунов «үстелде», «естелік үшін» деп аталған жұмыстың оңаша болмысы туралы ой қорыта отырып, оны «мұрағат үшін» түсінігімен де байланыстырады. Бұл мағынада мұрағат мораторийді білдіреді, бірақ жұмыстарды қабылдау шарттары жүзеге асқанда белгісіз болашаққа қалдыру арқылы мұрағат үміт кеңістігін де білдіреді.

Негізінен өзіне қатысы жоқ фотосуреттермен жұмыс істегендіктен, оның жадында да ештеңе жоқ: “Естелік үшін — не туралы? Кім туралы? Қандай оқиға туралы? Қандай іс-әрекет туралы?” 3 3 Ахунов, автормен әңгіме, 20 тамыз 2024 жыл. Бұл естеліктердің нақты сызықтары бос болғандықтан, қалғаны — сыртқы қабығы ғана. Бірақ бұл естелік сынықтарын ресми зерттеуге кеңістік береді.

Ахунов шығармашылығының көп бөлігі мағынасы жойылғанша қайта-қайта қайталанатын идеологияның механизмдері мен оның визуал үлгілеріне арналды. Цензураның тарихи формаларын жаңғыртып, оны достары мен таныстарынан жинаған халықтық фотосуреттер мұрағатына айналдыру арқылы басқалар тарапынан тарихи түрде есте сақтау қабілетінің жоғалуына ықпал еткен тәжірибені орындайды. Бірақ көздеген мақсаты цензураның зорлығын қайталау емес. Өз сөзімен айтсақ:

«Адамның бейнесін өшірмеуге тырысамын. Бірақ фотосуреттің иесі үнемі костюмінің жанқалтасында суретті өзімен бірге алып жүргендей оны бөлшектерге бөлемін. Содан фотосурет жыртылып, жырықтар пайда болады».4 4 Вячеслав Ахунов, автормен әңгіме, 22 тамыз 2024 жыл.

Бұл бұрмалаудан да үлкен дүниені білдіреді. Фотосуретті жанқалтада сақтап, қадірлеуден туатын тозуды бейнелейтін оның коллаждары жойылуды жуып-шаятын сыңайлы. Жұмыс үстеліне еңкейіп, біз бәрін анық көрсін деп фрагменттерді біріктіруге тырысады. Фотосуреттің бүлінген тұстары назарымызды аударады.

2. Жақындай түсеміз

Гүлноза Иргашеваның «Шатырда ешкім жоқ» фильмінен алынған кадрлар (14’40, VHS, AI, 2024).

Белгісіз компьютер иесі кеңес дәуіріндегі фотосуреттер топтамасын зерттеп жатқанда тінтуір бір орында міз бақпай тұрады. Суреттің көлемін ұлғайтады, басында баяу, артынша тез қарайды. Айналдырады, суретке мейлінше барлай назар салады, бір орында тұрып қалады. Фотосуреттер Google іздеу жүйесіндегі кескін нәтижесін көрсететін жолақ сияқты бағанға жинақталады. Төртеуі қоғамдық кеңістікті бейнелесе, қалған тоғызы Орталық Азияның әйелдеріне арналған. Файлдар біз қазіргі әлемнің көп бөлігін, соның ішінде өткенді кездестіретін компьютер экранында қалықтайды.

Белгісіз компьютер иесі барлауды жалғастыра береді. Ол файлды ұлғайтқан кезде Бұқарадағы Боло Ховуз мешіті алдындағы Ленин ескерткішінің бет-әлпеті сұр шаршы пиксельдердің кестесінде ғайып болады. Фотосуреттің көлемін кішірейтіп, келесісіне өтеді. Бұл жолы  Ташкенттегі үлкен тоқыма фабрикасында механикаландырылған ұршықтарды тексеріп жатқан әйелдің иығына келіп тоқтайды. Нәзік бұйра шашын анықтап көруге таптырмас мүмкіндік.  

Экскурсияның келесі аялдамасы журналдан қиылған үш әйелдің түрлі-түсті бейнесін құрайтын Бен Дэйдің нүктелер өрісін зерттейді. Пиксельденген Ленин сияқты нүктелерге ыдырауға жол берудің орнына, компьютер иесі сол жақтағы әйелдердің ойлы жүзіне барынша назар салу үшін фотография қиылған тұсқа келіп тоқтайды. Бұл операция түпнұсқа фотосуретті қайта өңдейді және атаусыз реңкті ішкі тыныштық сәтіне ауыстырып, одан жаңа мағына табады. Бұл қиынды цензураға (үзіліске) жол ашады.

Төменгі оң жақ бұрыштағы су таңбалары бұл фотосуреттердің кейбірінің maxpenson.com5 5 Мaxpenson.com домені қазір жұмыс істемесе де, су таңбалары бар фотографиялар әлі де таралып жатыр. Қазіргі Пенсон әулетінің мұрағаты — maxpenson.uz. [бұл тұжырымды Максим деп енгізіп көру] Орталық Азияның ашық фото мұрағаты үшін https://ca-photoarchives.net сайтын қараңыз. Бұл жобаны Светлана Горшенина мен Борис Чухович басқарады. сайтынан жүктеп алынғанын көрсетеді, ал басқа суреттерде көпшілікке арналған әртүрлі жеке мұрағаттардағы цифрлық фотосуреттердің Open Central Asian Photo Archives онлайн кеңістігінің мөрі бар. Олардың дереккөзі әртүрлі екенін және  хронологиясын ескере отырып, түпнұсқа фотосуреттер ешқашан қазіргідей бір-бірімен қатар қойылмағанын білеміз. Бірақ жүктелген jpeg файлдардың скан нұсқасы мұндай шектеуге ұшырамайды, олар жүктеп алуға қолжетімді болғаннан кейін еркін қозғала алады және жаңа (субъективті) бірлестіктер құра алады. 

Цифрлық фотосуреттерді мұқият қарау тәжірибесінің бұл терең көрінісі өзбек суретшісі Гүлноза Иргашеваның жақында түсірген «Шатырда ешкім жоқ» (14’40, VHS, AI, 2024) фильмінен алынған. Фильмнің өткенді түсінуге деген ұмтылысынан тұратын фрагмент суретшінің анасының кеңестік кезеңдегі мұсылмандық әдет-ғұрыптардың сақталып қалғанын сипаттайтын үнімен қатар жүреді. Фильмнің бастау нүктесі — Иргашеваның ата-анасының бір-біріне сәйкес келмейтін наным-сенім жүйесінің бірге өмір сүруін түсінуге деген талпынысы (әкесі адал коммунист және Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері болған). Фильмнің әртүрлі тұсында анасы сипаттайтын анекдоттарды, мысалы, балалардың Рамазан айында оразасын ашу үшін мектепте су ішуге мәжбүр болғанын елестетуге тырысқанда, Иргашеваның мұрағаттағы олқылықты толтыру үшін Жасанды интеллект көмегімен суреттерге команда енгізгенін көреміз. 

Фотосуретті ұлғайту механизмі мынадай сұрақтар тудырады:

Жеке жады ресми әңгімемен қалай қиылысады? Фотосуреттер нақты нені көрсетеді? Біз оларға қалай қарауымыз керек? Ал олар бізге айтпайтын немесе айта алмайтын дүниелер туралы не деуге болады?
Мазмұнның осы сұрақтарынан басқа, қарау тәжірибесін алудың өзіндік рефлексив болуын көздейтін форма мен құрылымға қатысты басқа да сұрақтар бар: 

Мұрағат фотосуреттерін компьютер экранынан қарағанда не болады? Жоғары сапалы сканерлеу фотосуретті интерпретациялау мүмкіндігін қалай кеңейтеді? Деколониал әдістер мұрағаттың құрылымдық логикасын толықтай өзгерте ала ма?

3. Кейінге қалдырылған жұмыс

Иргашева таңдаған фотосуреттердің басым көпшілігінде әйелдердің бейнеленуі кездейсоқ емес. Олардың кейбіреуі анық сахналанған пропагандалық фотосуреттер: Лениннің шығармалар жинағын оқуға зейін қоя кіріскен әйел, тоқыма фабрикасындағы жұмысшы әйел, дене шынықтыру парадына қатысатын форма киген қыздар. Оларды өзінше жеке бояуы бар субұрқақтың алдында тұрған екі достың түрлі-түсті фотосуреті және үш әйелдің ақ-қара реңді фотостудиядағы портреті жұмсарта түседі.

Кеңес пропагандасында талай рет басты рөлді сомдаған Орталық Азияның әйелдері нұрлы әрі жарық идеяларын жүзеге асыру мақсатында суретке түсті; тәні арқылы кеңестің азаттық саясатының жетістігін көрсетпек болды. Фотосуреттер ыдырай бастағанша немесе олар мейлінше жеке көрінбейінше фотоны ұлғайта түсуге құштар компьютер иесінің ерекше қызығуының артында кеңестік саясатты жүзеге асыру кезіндегі мәжбүрлеу мен зорлық-зомбылық ізін дәлелдеу жатыр. Бұл әңгімелердің ізі қайда қалды? Мұндай фотосуреттерге жақыннан қарағанда кешірімге толы нәзіктік жатыр ма? Олардың риторикасын нақты бағаламай, сыни тұрғыдан қайта қарауға бола ма? 

Оксана Саркисова мен Ольга Шевченконың жақында жарық көрген кеңес халық фотосуреттері мен естеліктері туралы монографиясында фотосуреттерді қабылдау қалай қазіргі заман талабына сай үнемі қайта бағаланатыны туралы сөз болады:

«Фотосуреттердің кейінге қалдырған жұмысы осы: белгілі бір тарихи қашықтықта фотосуреттер іздене білген жанға жаңа мағынаның сырын ашып, қойылған сұрақтарға және сурет түсірілген уақытқа олардың жауабын көрсетеді. Тіпті тым жеке деген суреттердің өзі сол кездегі саяси мәдениет контексінде бар, ал бұл оларға мағына сыйлап, кейбір бейнелер мен оқиғаларды ерекшелеп, енді бірін уақытша көлеңкеде қалдырады».6 6 Оксана Саркисова мен Ольга Шевченко, Көзге көрінетіндей бар болу: Отбасылық фотосуреттердегі Советтен кейінгі өмір (Cambridge, Massachussetts: The MIT Press, 2023), xi.

Фотографиялық мағынаның диахрондық құрылысы пропагандалық фотосуреттерге де қатысты. Олар фотосуреттің үздіксіз осы шақта өз хабарламасын жариялауын жалғастыра алады, бірақ бүгінде көрермен оларды тудырған риторикалық жүйелерді бұзу үшін сыни оқуды талап етеді7 7 Бұл қазіргі суретшілердің шығармашылығында мұрағат фотосуреттерінің көбеюінен де айқын көрінеді: мысалы, Саодат Исмаилованың «Судың және әйелдердің бетін қайтару» жобасы. .

Фотосуреттер жеке мұрағаттан шығып, көптің көзайымы ретінде сапалы сканерленіп, желіге тарай бастаған кезде оларға жаңа тәсілдерді қолдану мүмкіндігі күрт артады. Суреттерге емін-еркін қол жеткізу пайдаланушыларға субъектив критерийлері немесе қызығушылығына сәйкес жұмыстардың жаңа шоқжұлдызын жасай отырып, төл коллекциясын құруға мүмкіндік береді. Әрине, фотосуреттер деколониал емес, неоколониал әдістермен берілуі мүмкін. Светлана Горшенина Facebook желісіндегі топтарда фотосуреттерді белсенді тарату және талқылау барысында есте сақтау саясатындағы ностальгия мен күрделі посткеңестік ұлтшылдық саясатына тоқталды8 8 Горшенина, Түркістан фотосуреттеріндегі «Фотографиялық типтер»: ориентализм, ұлтшылдық және Facebook парақшаларындағы тарихи жадының қызметі (2017–2019) Орталық Азиядағы фотографияда: Ресей Империясының перифериясынан жаһандық бар болуға дейін (Berlin/Bostson: Walter de Gruyter GmbH, 2022). . Бірақ кескінді бастапқы өлшемінен немесе пішімінен әлдеқайда ұлғайтып қарау, зейін қойып қарау, жақындату, мұрағаттағы фотосуретке ие болу және оны пайдаланып қалағанын жасаудың артында қазіргі заманғы көрерменге оның мағынасын қайта ой елегінен өткізу және оны отарлық тарихын қайта түсіну құралы ретінде пайдалану мүмкіндігі тұр; мүмкін тіпті жеке дүниені қалпына келтіру мүмкіндігі де бар болар.

4. Жауабы жоқ сұрақтар

Белгісіз фотограф, Автопортрет, күні көрсетілмеген. Түркістан мұрағаты [774_036]
Белгісіз фотограф, Автопортрет, күні көрсетілмеген. Түркістан мұрағаты [774_036]

Мінсіз мұрағатта әрбір фотосуреттің алдыңғы жағында, яғни тұтас мазмұнын беретін беткі жағында суретті аударған кезде көрінетін дәл түсіндірілген артқы жағы болады. Суреттің мінсіз артқы жағы оның алдыңғы бетін көргенде туындайтын мыңдаған сұраққа жауап беретін сәйкес ақпараттарды ұсынады, мәселен: фотограф, күні, орны, тақырыбы және т.б. Бірақ, әлем хаосқа толы, ешбір мұрағат мінсіз емес әрі көптеген фотосуреттің артқы жағы бос болуы мүмкін, болмаса асығыс жазылған бір-екі ауыз сөзден аспауы да ықтимал. Жауаптарды іздеу мақсатында зерттеу жүргізсек те, мұрағаттағы қателер туралы ойдан шығарылған жауапсыз сұрақтар легіне тап боламыз.  

Артқы жағында қолтаңба, бас кейіпкер туралы ақпарат және оны орналастыратын контекст болмағандықтан, бұл фотосуретті түсінудің жалғыз жолы — оған мұқият қарау. Сепия реңктеріне толы шағын сурет көрерменді үйдегі кеңістікке бастайды, онда ақ көйлек киген жас жігіт айнаның алдында отыр. Түр-әлпеті жас, мұрты бар, көзқарасы бір демде жасық әрі өзіне сенімді: штативке орнатылған камерасының корпусынан қарап тұр.

Бұл жас жігіт кім? Қай жерде тұр? Камерасын қалай алды? Ол тағы нені суретке түсірді?

Бұл фотосуреттің контексін түсінудің бір жолы — адамның жеке басы туралы ақпарат жинау үшін үйдің интерьерін мұқият зерттеу. Осы ақпараттар негізінде оны әлеуметтік тарихқа орналастырып, материалдық болмысына негізделген қолда бар ақпаратқа сүйене отырып, өмірі туралы толығырақ біле түсу. Бұл кеңістікті тез шалып шыққан кезде оның әлеуметтік артықшылығын байқаймыз: қара ағаш жиһаз, үстелдің үстіндегі жапқыш, қабырғадағы гүлдің суреттері. Жақтаудағы топталып түскен фотосурет пен үстелдегі кітап студент болуы мүмкін екенін меңзейді.

Фотосурет революцияға дейін түсірілді ме, әлде кейін бе? Фотосуретті түсірген камераның үлгісін анықтау қиын, өйткені сурет аса анық емес. Десе де, жиналмалы камераның бұл түрі 1910–1920 жылдары танымал болды. 1930-жылдардағы қуғын-сүргіннің бір ұшы өзбектің жас зиялы қауымына тигенін ескерсек, бұл жас жігіт пен оның фотосуреттеріне не болғаны туралы ой қорыту қиын емес.

Үстелде шие салынған ваза тұр, шамасы фотосурет жазда түсірілген. Бұл ақпарат жауапсыз сұрақтармен салыстырғанда анау айтқандай қажет әрі пайдалы болып көрінбеуі мүмкін. Алайда бұл төл құжаттамасында түсініксіз көрінетін фотографиялық деректердің ерікті екенінің үлкен дәлелі.

Тағы бір тәсіл — автопортреттің мағынасына тоқталу. Жас жігіт камераны штативке орналастырып, артындағы үстелден майысқан орындықтың бірін айнаға жақындатты. Бетін қолындағы құралымен үйлестіре отырып, ол өзін осылай бейнелеген модернист фотографтардың халықаралық шоғыры қатарына қосылады, ал ол қатарда 1925 жылғы әйгілі автопортретке түскен Жермен Крулль де бар. Кейбір автопортреттер адамды қоршаған ортадан ажыратуға тырысса, тіпті бұл ерекшелік бүгінде біз үшін де мәнін жоғалтса да, фотограф оны белгілі бір локацияға енгізуге тырысқан. Оның композицияға ойылған ағаш айна жақтауын қосу шешімі фотосуреттің өзіндік рефлексивтілігін арттырып, жақтау ішіндегі жақтауды ұсынады. Автопортрет өзін кейінгі ұрпаққа құжаттандыруға деген ұмтылысты көрсетеді. Бұл ишарат байыпты қабылданған сияқты: астындағы дөңгелене біткен бұрыштар мен саусақ ізіне қарағанда, Түркістан мұрағаты үшін Олег Карпов оны сатып алғанға дейін (шамасы Янгибадта) бұл сурет біраз уақыт көзден таса қалып, сақталған сияқты. 

Фотосуреттің орнын анықтай алмауымды сәтсіздік деп санайтынымды мойындаймын. Егер бұл фотосуретке қатысы бар тарихи әңгімелерді қалпына келтіре алмаса, онда зерттеудің мәні неде? Дегенмен, зерттеу мұрағаттар мен әңгімелер қалыптасатын тарихи жағдайларға назар аударуға көмектеседі. Сондай-ақ ол бізді уақыт ырқынан тыс аман қалған материалдық нысандармен де таныстырады. Бұл фотосурет өзінше ғажайып; тіпті өзі бейнелейтін жоғалған дүниенің толық бейнесінсіз де керемет көрінеді — оның өзінше аман қалуы, жарқын болуы, адамның өзін-өзі сезінуінің таңдай қақтырар, өткір құжаттамасы да әсерлі.

Verso: Бостық. Ажырау. Сондай-ақ шақырту. 

Recto: Үндеу: «Әлемді фотоаппаратымен қарсы алып, өмірде өзім үшін жаңа нәрсені жасайтын күнді атап өтіп жатқан маған назар сал!».

5. «Қолтаңбасыз мағына жоқ»

1940-жылдардың басында Өзбек КСР-інде НКВД қадағалауымен Орталық республикалық мемлекеттік кино, фото және дыбыс құжаттары мұрағаты құрылған кезде коллекция әртүрлі мекеменің материалдарын жинақтау арқылы қалыптасты. Сараптамалық комиссия я мұрағаттан алынып, қайта өңдеуге [макулатураға] жіберілген фотосуреттерді егжей-тегжейлі сипаттайтын «іріктеу тізімі» [отборочные списки] деп аталатын бірқатар құжатты дайындады. Бұл тізім мұрағаттың сақтау миссиясына қайшы көрінетін қирату қимылын ұтымды шешімге айналдыратын бюрократия тілін пайдаланды. 

Мысалы, 1944 жылғы 6 маусымдағы тізімдеу-сараптау комиссиясының хаттамасы «Текстильстройдың» тарихи, қорғаныс, ғылыми және практикалық маңызын жоғалтқан келесі мұрағаттық фотосуреттерін өңдеу үшін таңдап алғанын қысқаша түсіндіруден басталып, мұрағаттан алынған тоқсан екі фотосуреттің өлшемін, мазмұнын және негіздемесін тізіп көрсетеді:

«Құрылыс пен жабдықтың жалпы түрі» «дубликаттар», «артық», «техникалық тұрғыда жарамсыз» [негодные], «түзетуге келмейтін» деп қабылданбады;

«Топтық кадрлар мен портреттер» қажет болмады, себебі олар «анықталмаған» [неопределенные] еді. 

Ал «Әртүрлі» деп аталған фотосуреттер тобы (балалар, көріністер) «қызықты» болмағандықтан жойылды.9 9 Р-2668-қор, 1-тізбе, 4 сақтау бірлігі, 3-п.

1944 жылғы 25 маусымдағы тағы бір тізімде мынадай қысқаша аннотация бар: «Қолтаңбасыз олардың мағынасы жоқ, жойылады: 94».

Бір жағынан (recto): тазарту.

Екінші жағынан (verso): бұл жойылуды құжаттау импульсі, мұрағатшының түгендеу логикасы бізге жоғалған нәрсені көруге мүмкіндік береді. Көлеңке мұрағат. 

6. Қос көзқарас

Нұрмұхамедов, Жас фотографтар, Фотоэтюд, Самарқан, 1955. O’zKFF Hujjatlari Milliy Arxivi, Toshkent [0-59367]
Нұрмұхамедов, Жас фотографтар, Фотоэтюд, Самарқан, 1955. O’zKFF Hujjatlari Milliy Arxivi, Toshkent [0-59367]

Фотография деген — таңдау. Камераны әлемге бағыттау зерттеу мен бақылаудың айрықша түрін шақыру деген сөз: болып жатқан әлденені сырт еткізіп түсіру және оның жоғалуын болжау.

Бұл қос көзқарасты қолына камера ұстап тұрған баладан байқауға болады. Оның көзі суретке түсіріп жатқан дүниеге қадала қараған, ал ол бізге көрінбейді, себебі ол осы фотосуреттің кадрынан тыс жатыр. Оның көзқарасының шоғырлануы мен баланың қараған қалпы әлемге камера арқылы қарауды әлі үйреніп жатқанын білдіреді. Сырттай ынталы көрінеді. Досы көзін камераға бағыттау үшін нұсқап, артқа қарай қадам жасайды. Шамамен тоғыз жасар ұлдар пионер галстугын тағып, мектеп формасын киген. Бір-біріне жақын тұр, тірек болсын деп ағаш діңіне жабысып алыпты. Бұл фотосурет туралы білетінім Ташкенттегі мемлекеттік кино, фото және дыбыс құжаттары мұрағатында сақталған картадан алынған. Деректер бір сөйлемге сыйып кетеді: «Жас фотографтар. Фотоэтюд» деп аталған фотографияны 1955 жылы Самарқанда Нұрмұхамедов деген фотограф түсірген. Нұрмұхамедов туралы менің басқа білерім жоқ, бұл есімді мұрағаттан, газет-журналдан немесе көрме тізімінен де кездестірмедім.

Автордың жеке басы фотография туралы білуге мүмкіндік бермесе де, атауы соған жол ашады. «Фотоэтюд» термині [foto-etiud] жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік фотография тәжірибесінде, әсіресе әуесқойлар арасында жиі кездеседі. Француз тілінен шыққан («зерттеу» деген мағынаны білдіреді) және музыкалық коннотациясы бар foto-etiud құжаттан бөліп тұрғандай сәл экпрессив немесе эстетик бағыт тудырады.

7. Фотография ештеңе емес

Photo-Étude / Foto-Etiud. Тамды пионерлерінің Фото-үйірмесінен алынған [no. 3203]. Buxoro Davlat Meʼmoriy-badiiy Muzey Qoʻriqxonasi.
Photo-Étude / Foto-Etiud. Тамды пионерлерінің Фото-үйірмесінен алынған [no. 3203]. Buxoro Davlat Meʼmoriy-badiiy Muzey Qoʻriqxonasi.

Бұл фотосуреттің көп бөлігін көру қиын, фокусы жоқ әрі шамадан тыс экспозицияланған. Бұлыңғыр формалар мен шамадан тыс жарық түскен тұстар арасында жартастағы жартас сызығы еріксіз көзімізді қырыққұлақтардың нығыздалған шоғырына түсіреді. Сүт түстес тұманды реңк оң жақ төртбұрышта жылы қоңыр реңктермен боялған тастың бетіндегі көптеген деталь арқылы толтырылған, бұл қолтаңбаның дұрыс орнатылмағанын да білдіруі мүмкін.

Фотосурет қолтаңбасында шеберлікті көрсететін ешқандай сипаттама болмаса да, төменгі бетте ерекше мақтанышпен «фотоэтюд» деп жазылған. Сурет Бұқараның солтүстігіндегі Науайы облысына қарасты Тамды пионерлер үйінің фото үйірмесі құрастырған альбомға жапсырылған. Альбомды ашқанда Тамды аудан орталығының жалпы көрінісі көз алдымызда тұрады, артынша оқырманды қаланың ғимараттарымен таныстыра отырып, Кеңестер үйінің жаңа ғимаратына, жақында салынған сауда орталығына, мәдениет үйіне, №1 мектепке және Ұлы Отан соғысына арналған ескерткішке тоқталады. Фотоэтюд алдында Ақтау тауларына экскурсия жасаған фото үйірмесіне қатысушылардың топтық фотосуреті ұсынылады.  

Бұл, сөз жоқ, менің сүйікті фотоэтюдім. Аяқ астына камераны бағыттап, әлемді камера арқылы көруге үйреніп жатқан балалар тобы жартастар мен қырыққұлақтардың бұлыңғыр өрнегінің арасынан ұжымдық тәжірибенің осынау әсерлі жылнамасын сақтап қалу үшін жердің осы бөлігін таңдаған.

8. Recto/Verso

Жыртылған отбасылық фотосуреттердің коллажы, әлдекімнің фотосуреттерді жақындатып-алыстатуы, ештеңесі белгісіз әрі болашақта белгісіз болып қалуы мүмкін беймәлім автопортрет, камераны пайдалануды үйреніп жатқан екі бала, жердің бұлыңғыр фотосуреті. Бұл фрагменттерден не пайда болады? 

Бұл күрделі нысандар үнсіздікте мүмкіндіктер легіне жол ашады; олар тәуелсіз Өзбекстандағы жады жұмысына бейотар көзқарас таныту тұрғысынан ой қорытуға жәрдемдеседі; цифрлық дәуірде фотосуреттердің материалдық өмірінің нәзік сұлулығын көрсете алады деп үміттенемін.