Доп және поло таяқшасы немесе Экстаз кітабы

Еуразия ІІ саяхаты: Бакуден Шушаға дейін

Автордың ескертпесі: Санкт-Петербургтегі Ресей ұлттық кітапханасында сақталған «Доп және поло таяқшасы немесе Экстаз кітабы» (2022) атты парсы қолжазбасына ықыласым ерекше. Бұл жолсапар жазбалары осы аттас фильмнің түсірілім барысын бақылау аясында жазылды. Артефакт ретінде қолжазба менің назарымды екі негізгі себепке аударды: біріншіден, бай ақ адамдар үшін көңіл көтерудің бір түрі саналатын поло кейінгі бірнеше ғасырдағы отарлық тарихына метафора саналуы мүмкін. Қолжазбаны талдағанда поло ойынын отарсыздандыру туралы айтумен қатар, Батыстың алпауыт державаларының Орталық Еуразиядағы қатыгез геосаяси ойындары туралы баяндауды да көздеймін.  

Екіншіден, «Экстаз кітабы» қолжазбасының көпқырлы болмысы менің ұғымымдағы шындықты қабылдау деген дүниеге сәйкес келеді. Онда сақталған тарих пен ақиқаттың құбылуы тарих пен шындық идеясын тұрақты немесе бекітілген нәрсе ретінде сынауға тамаша дерек қоры бола алады. Қолжазба аясында жасалған саяхат туралы есебіме Орталық Еуразияны аралау кезінде түсірілген фотосуреттерімді де қостым.

Баку – Шуша, қараша, 2021

Пони қара терге түскен сайын
жаңбыр құйып, найзағай жарқ ететін… ол жарқ ете қалатын!
«Доп және поло таяқшасы немесе Экстаз кітабынан», Арифи

Пандемия кезінде Әзербайжанға кіру үшін Өзбекстан азаматтары Әзербайжанның Министрлер Кабинеті жанындағы Жедел штабтан арнайы рұқсат алуы керек болды. Бакудегі достарым рұқсат алу оңай емес екенін айтты. Бұл шаруаға тамыздан бастап кіріссем де, қазан айында да құжат қолыма тимеді. Қызық болғанда, менің Нидерландыда тұруым шешуші рөл ойнады. Еуропа Одағына кіретін бірқатар мемлекеттің тұрғындары Әзербайжанға қосымша рұқсат қағазынсыз бара алатын болып шықты. Үш ай бойы текке сандалмай, ешқандай ресми рұқсатсыз-ақ бара берсем болады екен. 

Баку сапары бұрынғы сапарларымнан әлдеқайда жайлы болды, неге екенін өзім де білмеймін. Әйтсе де, ол кезде қалада және бүкіл елде өзінше бір жалпыұлттық қуаныш салтанат құрып тұрған еді. Шамамен бір жылдан кейін Қарабақтың азат етілуіне орай (әзербайжандық патриоттар осылай деп айтады) көше-көшенің бәрінде Қарабақтың туы мен ұлттық рәміздері ілініп тұрды. 

Әзербайжанға барып, онда біраз уақыт болсам деп көптен жоспарлаған едім. Оғыздардың ұрпағы маған түркі халықтарының ішіндегі ең әуезді әрі ең көңілді халық болып көрінді. Олардың әуезді үні айрықша әзербайжандық мақамынан да сезіледі, бакуліктердің орысша не ағылшынша сөйлеуінің өзі әуезді. Оғыздар — Каспий теңізінің оңтүстігі мен Арал маңындағы аумақты мекендеген халықтардың атауы. Олар Өзбекстанның қиыр батысында, Хорезмде де тұрады. Өзбекстанның ресми филология мектебі олардың тіліне өзбек тілінің диалектісі деген анықтама береді. Нендей қисынға сүйенетінін түсінбеймін, себебі әзербайжан тілі менің өзбек тіліме мүлдем ұқсамайды. Хорезмнің музыкасы да айрықша әуезділігімен танымал. 

Бұл жолы Әзербайжанда біраз уақыт болуым негізсіз де емес. Мен мұнда түсірілім тобымен поло ойынының түркілік нұсқасы — човганды түсіруге келдім. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл ойын жергілікті князьдердің сарайында жиі ойналған, кейін Үндістан арқылы Еуропаға тараған. Осы ойын түрі бейнеленген парсы миниатюрасын кездестіргенге дейін оның арғы тегі туралы білген жоқпын. Полоның бай тарихи тамыры мен қазіргі бақуатты байлардың көңіл көтеру түрі деген қабылдау арасындағы өзіндік қайшылық фильм түсіруге итермеледі. Бұл спорт түрін Орталық Еуразиядағы бірнеше ғасырға жалғасқан отарлық геосаясаттың терезесі ретінде қалай пайдалану керегін ой елегінен өткіздім. 

2013 жылы ЮНЕСКО әзербайжан дипломаттарының табанды талабынан кейін човганды Әзербайжанның материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды. ЮНЕСКО сайтындағы сипаттамаға сәйкес, ойынның бір ерекшелігі — Қарабақ жылқыларын ойынға тарту. Шешім қабылданған кезде Қарабақты армяндар жақ басып алып, Қарабақ жылқысын баптап, көбейту мәдениеті құлдырай бастаған еді. Осылайша, спортқа мәдени мұра нысаны ретінде қауіп төнді, ол әлі де сейілген жоқ. 

Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция жекелеген мемлекеттерге қорғау мен қолдауды қажет ететін нысандар мен дәстүрлерді ұсынуға мүмкіндік береді, тіпті ол нысандар мен дәстүрлер мемлекеттер арасындағы даудың нысанасы болса да. Бірлескен сұрау салу кезінде мемлекеттер белгілі бір процедураны ұстануы керек, бірақ мемлекеттердің бірі әріптестіктен бас тартса және қарастырылып отырған мұраға айрықша меншік құқығын талап етсе, бұл мүмкін емес. Десе де, бұл мұраға өз нұсқасын енгізуге өтініш беремін деген мемлекетке ешқандай тыйым жоқ. Бір мемлекет басқа мемлекет берген өтінішті біржақты бұғаттай алмайды. Қазіргі кезде ЮНЕСКО бірнеше мемлекеттің бір материалдық емес мәдени мұра нысанын өзінікі деп тануына мүмкіндік береді, олардың арасындағы байланысты ескермейді.

Материалдық емес мұраға қатысты мемлекетаралық қақтығысты ұлтшылдық пен ұлттық болмыс саясатын өзара жоққа шығаратын талаптардың көрінісі ретінде қарастыруға болады. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция жаһандану проблемасын шешу және мәдени әртүрлілікті ынталандыру тәсілі ретінде жасалған. Тізімге енген дәстүрдің ұлттық нұсқасына өтініш беру мүмкіндігі мәдени экспроприацияға қарсы тұруға бағытталған. Тізімге енгізу негізінен символдық сипатта,  мемлекеттер мәдени мұрасын қолдау үшін тікелей қаржы алмайды. Біржақты өтінім беру мемлекеттерге мәдени әрі тарихи құнды мұраны мәдени дипломатия мен ұлттық саясатта пайдалануға, мұраны «жұмсақ күшке» айналдыруға мүмкіндік береді, мұндайда ЮНЕСКО-ның мақұлдауы саяси заңдастыру мақсатына қызмет етеді. 

Көп жағдайда қандай да бір нысанды белгілі бір елдердің материалдық емес мәдени мұрасы ретінде тану туралы өтінішке қатысты талас-тартыс бұрыннан келе жатқан ұлттық және саяси қақтығыстарды айқын көрсетеді (мысалы, Әзербайжан мен Армения арасында долма дайындауға қатысты бұрыннан келе жатқан дау бар). Түркияның Наурыз мерекесіне қатысты мәлімдемесі де бір мысал бола алады. Бұл — мемлекеттің ішкі ұлттық саясатының жалғасы, өйткені бұл дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында барлық күрд элементін жүйелі түрде алып тастады. 

Човган ойыны 2013 жылы Әзербайжанда өткен ЮНЕСКО конференциясының қорытындысы бойынша материалдық емес мәдени мұра ретінде танылды. Иран өкілдері қарсылық білдіріп, мыңжылдық тарихы бар ойын парсы дәстүрінен шыққанын, сондықтан жалғыз Әзербайжанның мұрасы бола алмайтынын алға тартса да, Әзербайжанның моноұлттық өтінімі мақұлданды. Бұл елдің ұсынысына қарсы шығуға тырысқан Тегеран өкілдері Ауғанстан, Пәкістан және Үндістан ойыншылар бірлестігімен байланыс орнатуға көп күш салды. Соңғы шешім қабылданбас бұрын Иран баспасөзінде Әзербайжанның ЮНЕСКО комитетіне ықпал етуде қитұрқы әрекеттерге барғаны туралы айтылды. Әзербайжанның өтінімі қабылданғаннан кейін Иранның жартылай ресми Fars News ақпарат агенттігі әзербайжан саясаткерлерінің ықпалы басым екенін пайдаланып, Оңтүстік Әзербайжанды (негізінен әзербайжандар тұратын Иранның екі провинциясы, Оңтүстік және Шығыс Әзербайжан аумағы) өз аумағының бір бөлігі ретінде көрсеткенін жазды. Иран көршілес мемлекеттер Иранның мәдени мұрасына иелік етуге ниеттенуі бірінші рет емес екенін де айтты: мысалы, Мәулана (Руми) мен Низами сынды ақындар мұрасына бұған дейін Әзербайжан да таласқан еді. Ақырында, 2017 жылы Иран човган немесе чоган ойынын өзінің материалдық емес мәдени мұрасы ретінде тануға өтініш берді. Човган мен чоганның жазылуы бөлек болғанмен, екеуі бір ойын. 

Әзербайжанның човганға айрықша иелік етуді талап етуінің негізгі себебі Таулы Қарабақ қақтығысымен байланысты сияқты. Човганның географиялық орталығы Қарабақ аймағы болып саналады және бұл мәдени мұраның символдық салмағы даулы аумақтағы мемлекеттің ұстанымын заңдастыруға негіз болады. Иран үшін Парсы империясының мәдени мұрасының жұмсақ күшіне мойын бұру халықаралық саясаттағы күрделі жағдайына байланысты бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Осылайша, поло (немесе оның бұрынғы ізашары човган) тек отарлық тарихына ғана емес, сонымен қатар оның салдарына, әсіресе қазіргі әлемде әрекет етуіміз керек ұлтшылдыққа метафора ретінде қызмет етеді. 

Иран мен Әзербайжан арасындағы шекара Аракс өзенінің бойымен өтеді. Бұл шекара он тоғызыншы ғасырда бірнеше соғыс пен дипломатиялық келісімнен кейін бекітілді. Кейіннен Иранның кейбір аймағы (уәлаяттары), соның ішінде көптеген мұсылман қоныстары Ресей империясының құрамына кірді, оның аумағы алдағы екі-үш ғасырда оңтүстікке де, шығысқа да айтарлықтай кеңейе түсті. Ең алдымен Еділ бойы мен Сібір отарланып, шекара оңтүстігінде Кавказ жоталарына, шығысында Тынық мұхитына дейін жетті. Дегенмен елдің шекара сызығы айқын болмады; Ресей империясының жаңа шекарасы Аракс өзенінің бойынан өтті және бүгінгі күнге дейін бұл шекараның тарихи ықпалы Иранды Армения мен Әзербайжан сияқты Оңтүстік Кавказ республикаларынан бөліп тұр. 

Оңтүстік Әзербайжан (әзербайжандар өзі осылай атайды) Әзербайжан–Иран шекарасының оңтүстігінде орналасқан. Иран әлі күнге дейін бірнеше миллион түркі халқының отаны саналады. Ұлттық қиялдың ұлттық шекарадан тыс әрекет ететінін бақылаған қызық. Өткен жылғы даулы Қарабақ аумағына қатысты қақтығыс кезінде Иранда тұратын жүздеген, тіпті мыңдаған әзербайжан Арменияға қару-жарақ тасымалдау үшін ел аумағын пайдалануға қарсылық білдіріп, бас көтере бастады. 

Қазіргі Әзербайжан мен Иранда кейбір ұлтшылдар бірінікін бірінен үзілді-кесілді бөліп тастайды. Мысалы, Тегеранның таксиіне мінсеңіз, елде әзірбайжандар тым көп деп шағымданатындар бар (Иранға барған әзербайжандық құрдастарым да дәл осыны айтты). Әзербайжан зиялылары арасында түркілер Парсы империясының аумағында үстемдік құрып тұрған «өткен күндерді» өкінішпен еске алатындар кездеседі. Бакудегі өнерді зерттеуші ғалымнан сұхбат алғанымда осындай сарын анық байқалды. Ол маған Сефевидтердің кітап мәдениеті туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Тұтас Парсыға билік жүргізгенімен, бұл әулет өзін түркі деп атаған. 

Өнертанушы батыс шығыстанушылары мен коллекционерлеріне көңілі толмайтынын  білдірді. Айтуына қарағанда, Иранда ғана емес, бүкіл аймақта іс жүзінде құнды қолжазбалар қалмаған; оның бәрін алдап-арбау немесе ұрлау арқылы Англия, Франция, Германия, Ресей мен АҚШ-қа әкеткен. Мені ерекше таңғалдырған Тахмасп шахтың «Шахнамасының» тарихы, оның қолжазбасы да «Экстаз кітабы» шыққан шеберханада бір шебердің қолынан шыққан. 

Жиырмасыншы ғасырда парсы өнері жауһарларының бірі саналатын Тахмасп шахтың «Шахнамасы» Ротшильдтер отбасына тиесілі болды. Кейін қолжазбаны америкалық олигарх және кітапсүйер кіші Артур А. Хоутон сатып алған. Қаржылық қиындықтарға және кезекті ажырасуға байланысты Хоутон вандализмге барған секілді: 1960 жылдардың аяғында ол кітапты жыртып, жеке миниатюраларды сатпақ болды. 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін мұрагері мол қаржыға кенелуді көздеп, Иранның жаңа билігімен алмасу туралы мәміле жасасты. Тегеран заманауи өнер мұражайы оған Виллем де Кунингтің (Иранның жаңа радикал мемлекеті бұл өрескел өнер туындысынан құтылуға бел буған) жалаңаш әйелдің портретін беріп, орнына қалған қолжазбаны алып, оны түптеуге келісім береді. 

Өнертанушы бұдан бес жыл бұрын оқыған Георгий Дерлугьянның «Бурдьенің Кавказдағы құпия табынушысы» кітабын есіме салды. Бұл кітапта Иммануил Валлерштайнның шәкірті Дерлугьян бір адамның, яғни Мұса Шанибовтың өмірбаянына әлемдік жүйелер талдауын қолданады. Дерлугьян Шанибовтың оқиғасын кейінгі КСРО-ның тарихын көрсету және елде болған көптеген қайшылықтың бетін ашу үшін қолданады. Кеңестен шыққан зиялы Шанибов 1960-жылдардағы ешкімге зияны жоқ  белсенді студенттен 1980-жылдардың соңында Абхазиядағы соғыс кезінде көтерілісшілерді бастаған қолбасшының біріне айналады.

Қарабаққа жету үшін бізге арнайы рұқсат алу керек болды. Қарабақ соғысының ардагері жол бастайтын болды. Ол сапар бойы біздің тобымызбен бірге жүруі керек. Мен оны Георгий Дерлугьянның кітабында сипатталған кейіпкерге ұқсаттым, яғни бұрынғы әзербайжан поэзиясы немесе дәстүрлі өнері әуесқойларының бірі, тіпті кәсіби зерттеуші, кеңес зиялы қауымының өкілі болар деп топшыладым. Бірақ сапарға шығардан үш-төрт күн бұрын онымен алғаш кездескенде таңданысымды жасыра алмадым. «Ардагер» небәрі жиырма жастағы, Шушаны азат етуге қатысқан ерікті жас жігіт болып шықты. Мен бұл бозбаланы жақынырақ білуге, сапар кезінде бірнеше сұрақ қоюға оқталған едім, алайда Әзербайжандағы көптеген басқа жоспар сияқты бұл ойым да орындалмай қалды. Біз 1990-жылдардың басынан бері Қарабаққа бармаған қарапайым жүргізушімен жолға шықтық.

2021 жылдың қазан айының аяғында бұл әлі де соғыс болып жатқан аймақ еді. Екі ай бұрын мұндағы мина қойылған далада бірнеше журналист қаза тапқан болатын. Осы уақытқа дейін Қарабақ аймағының көп бөлігі бір жыл бойы әзербайжандардың бақылауында болды, бірақ бұрынғы тәуелсіздігі танылмаған Арцах республикасының астанасы Степанакертте (әзербайжандар басқаша атайды) тұратын армяндар туған қалаларын тастап кетуден бас тартқан. 2021 жылдың қаңтарында қол жеткен келісімге сәйкес, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және екіжақты қақтығыстың тұтануынан болатын арандатудың алдын алу үшін аймақта Ресей бітімгерлік күштерінің кезекшілік етуі туралы шешім қабылданды. 

Бізге әскерилерді суретке түсіруге тыйым салды. Бастапқыда цензураға қатысты болар деп ойлағаныммен, кейін әскерилерді қорғау мақсатындағы шешім екенін түсіндім. 

Бұл сапарда Аракс өзенінің бойымен өтетін Қарабаққа апаратын жаңа жол ерекше әсер қалдырды. Ол бір жылға жетер-жетпес уақытта салынған. Әзербайжан билігі бұл жерді тастап кеткен босқындарды шұғыл қайтаруды қалай жоспарлағаны мені таңғалдырды. Халықаралық құқыққа сәйкес, тұрғындар өз елінің аумағында қалғандықтан, оларды «орын ауыстырғандар» деп атаған жөн болар. Біздің жергілікті жолбасшымыз үкімет жоспарына сәйкес, барлық тұрғын он сегіз айдың ішінде қайтып оралады деп болжап отырғанын, бұл ондаған мың адам қоныс аударады деген сөз екенін айтты. 

Әзербайжандар үшін Шуша — Қарабақтың бас қаласы. Дәл осы жерде Қарабақ хандығының астанасы болған және дәл осы жерде ертеде ат жарыстары өткен Джыдыр-Дюзю жазығы орналасқан. Біз Шушаға табан тірегенде кейбір ғимараттар қирап қалса, енді бірі бүтін еді. Әлі күнге дейін армяндардың қандай ғимараттарды қалдыруды және қайсын жоюды немесе, айталық, қандай ғимараттың қирауына жол беруді шешкенін түсінбеймін. Жолбасшымыздың айтуынша, уақыт өте келе ғимарат құлап қалсын десе, бар-жоғы оның шатырын алып тастау керек, артынша өзі-ақ жермен-жексен болады.

Революцияға дейінгі Қарабақтың ең әйгілі тарихи кейіпкері — Хуршидбану Натаван ханшайым. Ол туралы тіпті Александр Дюма Кавказға сапары кезінде жазған әйгілі нұсқаулық кітабында атап өткен. Ханшайым жергілікті жылқы шаруашылығын құрып, қолдау көрсеткен. 

Шушаның бас сәулет ғимаратының бірі — ханшайымның бұйрығымен бой көтерген екі жергілікті мешіт. Өзі перзент сүймегендіктен, бір мешітті ұлы, ал екіншісін қызы деп атаған. Шуша қаласының орталық алаңындағы мешіт өте жақсы сақталған. Мұны біздің жолбасшымыз армяндар мұсылмандарға осылай төзімділік танытты деп түсіндірді. Ал екінші мешіт қараусыз қалғандықтан, жағдайы нашар екен. 

Біз Джыдыр-Дюзю алқабына жеткенде бүкіл ауданның, оның ішінде армяндар әлі де тұратын бұрынғы Степанакерттің әдемі көрінісіне тап болдық, алыстан армяндардың жалауы желбіреп тұрды. Жолбасшымыз мұның арандату екенін, ту ілген адамның заң тұрғысынан сепаратист екенін айтты. Сондай-ақ ол алдағы уақытта бәрі қалпына келіп, тыныштық орнағаннан кейін мұндай адамдардың заң алдында жауапқа тартылатынын жеткізді. 

Жолбасшы маған қызық әсер қалдырды. Оның орысшасы да, ағылшынша сөйлегені де тым сенімді әрі қызыл сөзге құрылғандай көрінді. Ол Әзербайжанның бұл аумақтағы құқығын мойындайтын армяндар осы жерде қалып, бейбіт өмір сүре алатынын алға тартты. Айтуынша, бұл халықаралық байланыс тұрғысынан Әзербайжан үшін оңтайлы шешім болмақ. Бәлкім, мұндай жомарттық тек жеңімпаздарға тән шығар. Бакуге жеткенге дейін осы ойдан бір арыла алмадым.