Мұрағат хореографиясы

Мұрағат жұмысының перформативтілігі

Мұрағаттардың білімді сақтау және өндіру орны, сондай-ақ аталған процестерге белсенді қатысатын тәуелсіз актор ретіндегі рөлі бұрыннан баршаға белгілі ақиқат, оның аясында archival turn1 1 Бұл тарихнамалық бағыттың классикасы ретінде келесі еңбектерді айтуға болады: Энн Лора Столер, Мұрағат өнімін бойлай отырып: эпистемиялық алаңдау және отаршыл ашық сана. Princeton University Press, 2009), Ричард Томас, Империялық мұрағат: Империяның білімі мен қиялы (New York: Verso, 1993), және т.б. жалпы тарихнамалық трендте тізе қосқан көптеген зерттеу жұмысы жазылды. Содан бері тарих пен оның пайда болу шарттарын сыни тұрғыдан ой елегінен өткізбей, мұрағатқа жай деректілік ретінде көз тастау әбестік болып көрінеді. Бұл шағын эсседе көпке белгілі сынды, әсіресе, ойға қонбайтын жалпылауларды есепке алғанда, мұрағат жұмысының байқалмайтын күнделікті өміріне назар аударғым келеді. Мен оның бір қыры — мұрағат жұмысының перформатив өлшеміне тоқталсам деймін. 

Уақыт пен кеңістікте өзгеретін мұрағат тәжірибесін тарихқа айналдыра отырып, оларды білім өндірісінің жалпы инфрақұрылымындағы аралық тізбек ретінде қарастырамын. Мұрағатта ұзақ жыл жұмыс істегеннен кейін мұрағат жұмысының шарттары мен оның аясында бекітілген ережелердің түйінді зерттеулерге қалай әсер еткені туралы ойлана бастайсың. Мәселе онда сақталған құжаттардың құрамы және қолда бармен жұмыс істейміз сынды желеумен көптің назарына ұсынылған тақырыптар туралы ғана емес, сонымен қатар қоршаған орта: ғимарат, адамдар, ережелер, тәжірибелер қалай жұмыс істейтіні және тұтынушыны қалай қызмет істеуге итермелейтіні туралы екені даусыз. 

Осылайша archival studies және performative studies сынды екі теориялық саладан бастау алып, оларды тоғыстырып, ғылыми-зерттеу қызметімдегі бақылауларыма және әріптестеріммен, мұрағатшыларымен жүргізген әңгімелеріме арқа сүйеп, еңбек өнімі туралы емес, олардың әлеуметтік, эмоциялық және физикалық пайда болу жағдайлары мен өнімге әсері туралы талқылағым келеді. Менің тәжірибем басқа да тәжірибелер сияқты шектеулі; жұмыс барысында, атап айтқанда, Өзбекстан мұрағаттарында және одан тыс жерлерде жинақтаған бақылауымды пайдаланамын. Одан бөлек басқа мұрағаттық тәжірибелерге тоқталмай, мемлекеттік институттандырылған мұрағаттар туралы арнайы сөз қозғаймын.

Мұрағат пен Перформанс

Менің пайымдауларым мұрағат пен перформансты біріктіретін екі жұмысты оқудан басталды. Біріншісі — Ребекка Шнайдердің «Archives: Performance remains» (2001) мақаласы.2 2 Ребекка Шнайдер, «Мұрағат: Перформанс қалдықтары», «Перформанс зерттеулері»  6 (2), 2001: 100–108. doi:10.1080/13528165.2001.10871792. Оның төңірегінде өрбитін негізгі қақтығысы — қазір және осында болып жатқан көркемдік медиум ретіндегі перформансты мұрағаттаудың мүмкін еместігі (?). «Жоғалу» мағынасы негізделген перформанстың анықтамасының мәніне үңіле отырып, (...егер біз өнімділікті «жоғалу» ретінде қарастырсақ, егер эфемерлікті «жоғалу» деп ойласақ, егер өнімділікті сақтаудың антитезасы деп қарастырсақ…), автор перформанс — жады мен білімді сақтаудың сәйкес формаларының бірі, ал «мәселе» мұрағат кірістірілген құрылымдардың арқасында белгілі бір білім түрі мен құжаттарға артықшылық беріп, басқаларын елемеуде дейді:3 3 Ibid., 100–104.

Перформансты сақтаудан бас тарту деген түсінікке басым мән бере отырып, перформативтілік сақталатын, бірақ басқаша сақталатын танымның басқа тәсілдерін, есте сақтаудың басқа режимдерін көзге ілмейміз бе?.. Мұрағаттың логикасы перформансқа жоғалу ретінде көзқарас танытпай ма? Басқаша айтқанда, өнімділікті тұрақтылықпен және жоғалтумен сәйкестендіру мұрағат логикасына тән империализмге деген мәдени бой үйретуді бұзуға қарағанда, оған көбірек иек артады…

Жұмысты түйіндейтін болсақ: автордың сөзінше, мұрағат сақталған және жоғалып кеткен құжаттардың күйреуінде болмайды, сол күйреудің өзі әлдене өндіреді, жады тек қағаз құжатта ғана емес, денеде де бар. Мұнымен келіспеске болмайды, алайда «ақпараттың бәрі — мұрағат» деген терминнің кең түсіндірмесі, меніңше, қайшылықты толығымен еңсере алмайды.

Екінші жұмыс — Диана Тейлордың «The archive and the repertoire: Performing Memories in Americas» (2003) («Мұрағат және репертуар: Америкада естеліктердің орындалуы») «мұрағат» пен «репертуардың» қайшылығына негізделген. Әрі репертуар білімді үйрену, жинақтау және беру жүйесі ретінде теңдей эпистемологиялық құндылықты растайды, ол қатарда жазу пайда болғанға дейінгі мәдениеттер де бар:4 4 Диана Тейлор, «Мұрағат және репертуар: Америкада естеліктердің орындалуы»,  (Durham: Duke University Press, 2003), 19-20.

Мен алшақтық жазбаша және ауызша сөз арасында емес, ескірмейтін материалдар мұрағаты (яғни, мәтіндер, құжаттар, ғимараттар, сүйектер) мен жүзеге асқан тәжірибе/білімнің эфемерлік репертуары арасында екенін растаймын (яғни, ауызекі тіл, би, спорт, рәсімдер)... Репертуар қатысуды талап етеді: адамдар берудің бір бөлігі бола отырып, «бар болу/қатысу» арқылы білімді өндіруге және жаңғыртуға атсалысады. Мұрағаттағы тұрақты деп есептелетін нысандардан айырмашылығы, репертуарды құрайтын әрекеттер өзгеріссіз қалмайды.

Тейлордың бұл аргументі, меніңше, шындықты біраз ықшамдайды: расында Шнайдер де жазғандай, мұрағатта перформансты «сақтау» техникалық тұрғыда мүмкін емес, бірақ жазбаша мәдениеттерден білімнің перформатив бөлігін алып тастау дұрыс емес сияқты, себебі ол екеуі де жұмыс істейді. Оның үстіне «мұрағатта» білім өндіру үшін «репертуардан» кем емес қатысу/бар болу талап етіледі. Мұндай ықшамдаудың түп-тамыры шамасы мұрағатта автордың өзі жазғандай сұраныс болса, кез келген уақыт пен қашықтыққа қарамастан қолжетімді бола алатын құжаты бар тұнық контейнер ретінде мінсіз ету көзқарасынан туындайды. Батыс институттарын есепке алмағанда, мұндай көзқарас көптеген мұрағаттағы жұмыс шындығын көрсетпейді, одан бөлек ол мұрағаттың институция-субъект ретіндегі және өзіне тән материалдығы, әлеуметтік тәжірибесі мен ережесі бар рөлін елемейді. Өкінішке қарай, зерттеушілер құжаттарға оп-оңай қол жеткізе алмайды. «Білім өндіру» сондай-ақ мемлекетпен, институциямен, қызметкерлермен, сайып келгенде құжаттармен өзара байланысты талап етеді. «Тірі, өзгермелі» (репертуар) және «өлі, тұрып қалған» (мұрағат) арасындағы бұл жалған қайшылық аталған аргументтің бетін қайтарып, мұрағатта тарих өндіру үшін «being there» (сонда болу керек/қатысу керек) деген ойды алға тартамын. Перформативтілік мұрағат жұмысына да тән, оның ажырамас бөлігі және метадеңгейдегі embodied knowledge5 5 Жүзеге асқан білім сияқты. Яғни per se ақпарат тасымалдаушылармен емес, олар бізге қалай берілгенімен және біз олармен қалай әрекет ететінімізбен байланысты. Сондықтан «жүзеге асқан өнімділік пен білім өндірісі арасындағы қатынасты қайта қарауды жалғастыру қажет» деген Тейлордың үндеуіне мұрағат та керемет алаң бола алады.

Мұрағаттың перформативтілігі

Перформативтілік туралы айта отырып, бұл тұжырымдаманың мәдени норма ретінде классикалық батлерлік оқуына сүйенемін, ол қайта-қайта бекітіліп, сайып келгенде әлеуметтік қалыптасқан мағыналардың жиынтығын бекіте түседі. Мұндай қайталаудың күнделікті рәсімге айналған түрі тек дискурстық деңгейде ғана емес, сонымен қатар дене деңгейінде де бар.6 6 Джудит Батлер, Гендер мәселелері: феминизм және кімдікті бұзу (New York and London: Routledge, 1990), және Джудит Батлер, Мағынасы бар тән: «секстің» дискурсив шегі туралы (New York and London: Routledge, 1993). Әлеуметтік тәртіп орнататын нұсқаулар эксплицитті немесе жасырын болуы мүмкін, оларды сақтау тәжірибені қайталау арқылы жүзеге асады. 

Әлбетте мұрағат ісінің перформатив аспектілері бұрыннан зерттеушілердің назарын аударды. Бір шетінен олар бөлу мен құрылымдау актісі бола отырып, мұрағаттың материалдық және құрылымдық тұрғыдан ұйымдастырылуында көрініс табады. Бұл сақтау техникасы, папкалар, жәшіктер мен сөрелер, қабылдау/кәдеге жарату процедураларынан бастап, әкімшілік аспектілер мен қолданылатын жіктеу жүйелерін қамтиды.7 7 Мұрағат ісі тарихы туралы, мысалы, Маркус Фридрих, Мұрағаттың тууы: білім тарихы (University of Michigan Press, 2018). Аталған тәжірибенің ауқымы мұрағатқа енуге не лайық, ал қайсы лайықсыз, сақтау бірліктерін қалай сипаттау керек және оларды қайда орналастыру керектігін анықтайтын тәртіптің күшін білдіреді.8 8 Мишель Фуко, Білім археологиясы (New York: Harper & Row, 1976). Екінші жағынан мені перформативтіліктің кең өлшемі, яғни мұрағаттағы пайдаланушының фигурасы, демек нақты анықталған жұмыс ережелері бар мекеме ретінде мұрағатпен кездесіп, сапарын сол жерден бастайтын адам және сәйкесінше, осы кездесуде пайда болатын қарым-қатынас пен тәжірибе қызықтырады. Бұл ережелер қандай және олар жосық пен жұмыс модусын қалай анықтайды? Білім мен денені бақылау туралы фукиандық тақырып онымен өзара әрекеттесудің барлық деңгейін қамтиды. Кез келген дисциплинар мекеме сияқты мұрағат өзі сақтайтын дүниелер қолжетімді болуы үшін емес, оны шектеуге жұмыс істейді. Сондықтан жұмыс істеуге тура келетін мұрағаттың көбінде кейде айларға жалғасып, арнайы дайындықты талап ететін түйіні шешілуге тиіс міндет оған қол жеткізу екенін айтқан жөн. «Мемлекеттің ықтиярының» рөлі екі есе артады: бір шетінен, жалпылама айтатын болсақ, Өзбекстанның мемлекеттік мұрағаттары институционал түрде өздерінің отаршыл ізашарларының мұрасына ие болады және мемлекеттің қоластындағыларының емес, мемлекеттік машинаның еркін танытатын тек бір ғана құжат түрін сақтаушы ретінде түсіндіріледі (бұл да жалпылау болып саналады, егер түбегейлі іздесе, ол жерден әртүрлі дауысты табуға болады). Екінші жағынан, қазір мұрағаттар қоғамдық институт ретінде қазiргi мемлекеттiк жүйе шеңберiнде жұмыс iстейдi, сондай-ақ мемлекеттiң әкiмшiлiк ықтиярын көрсетеді. Бұл азаматтың өтінімі бойынша бұрынғы жұмыс орындары туралы анықтама беру, оқу залына кіре алатындар сынды мұрағаттың қарапайым қызметтерінен көрінеді. Қаншама бланк толтыру, табан астынан болатын әрекеттер мен өтініштер, тексеруден өту, жұмыс режимін сақтау, электронды құрылғыларға тыйым салу сынды әрекеттерді кодтау мен бақылаудың қатаң деңгейі мұрағатқа жаңадан бас сұққан адамды үркітетіні рас… Әрекеттердің реті туралы өз тәжірибеңізден немесе басқаларды бақылау арқылы білу керек. Мұрағаттың басты құндылығы — артефактілері, ол мұқият бақылауға алынып, пайдаланушылар көзден таса болмайды. Ғимарат пайдаланушылардың басқа суреттерді қолды етпеуінің алдын алу үшін жұмысшылар бақылайтын нақты уақыттағы кескіндерді шығаратын камералармен жабдықталған.

Кейбір ережелер жиі қайта қаралмайды немесе қазіргі уақыттың шындығына бейімделмейді, әрі ескі көзқарастан аса алмай қалып отыр. Кейбір құжаттардың құпиялық режимі кеңес дәуірінде жазылғаны оған жарқын мысал бола алады. Ол қандай ереже негізінде белгіленді деген сұрақ жеке қарастыруды талап етеді, қала берді жетекші басқару органдарының тікелей бұйрығын қамтиды. Дегенмен ол әлі де зерттеу үшін маңызды, бірақ қолға түспейтін көптеген тарихи құжатқа қол жеткізу мүмкіндігін немесе оның болмауын анықтайды. Бұл уақытша сақтау деп аталатын құжаттарға да, яғни белгілі бір мерзімге мұрағатқа қойылған және теориялық тұрғыдан оның мерзімі өткеннен кейін жойылуға тиіс құжаттарға да қатысты. Аталған ережелердің өзі белгілі бір уақыт мұрағат тәжірибесінің жемісі болғандықтан, қазіргі кезде мүмкін болатын жұмыстың шегін анықтайды. Осылайша белгілі бір ақпараттың қолжетімді болуы туралы мәселе мұрағат қорының құрамы мен олардың табиғаты туралы мәселеге (мысалы, отаршыл әкімшілік құрастырған, сәйкесінше оның жұмыс қисынын көрсететін) ғана емес, сонымен қатар қазіргі тарихи жағдайда менеджмент мәселесіне де айналады. 

Мұрағат белгілі бір дәрежеде мемлекеттің эманациясы болғанымен, оның ішінде сырттан реттелмейтін және міндетті түрде тәртіппен байланыстырылмайтын ішкі өмірдің тағы бір қабаты бар. Бұл әмбебап емес, пайда болып, жойылатын, бірақ өзім жиі байқайтын әртүрлі әлеуметтік тәжірибелер. Мен үшін қымбат конвенцияның бірі — сақтықпен танысу режимінде пайда болатын пайдаланушылар арасындағы палеографиядағы өзара көмек туралы көзге көрінбейтін келісім. Оқу дағдысы және сақтауда тұрған құжаттардың тілімен танысудағы айырмашылықтар зерттеушілерді бір-бірінен көмек сұрауға итермелейді. XIX ғасырдың аяғындағы шала орыс жазуын немесе ХХ ғасырдың басындағы қауырт жазылған өзбек арабшасын тану мақсатында көмек сұрау қыруар уақытты үнемдейді.

Тағы да атап өтерлігі, мұрағат сырттай «қабылдау-беру» қағидатына иек артып жұмыс істейтін залалсыз мекеме сияқты көрінгенімен, жұмыс нәтижесі ең алдымен, әсіресе, тәжірибеңіз аз болса, қызметкерлермен, негізінен мұрағаттағы әйел қызметкерлермен коммуникация құру және байланыс орната алу қабілетіңізге байланысты. Қорды сақтаушылар не сақталып тұрғанын жақсы біледі және қайдан, нені іздеу керегін айтып бере алады, тек сұрақты қалай қою керегін білу керек. Олар сіздің тақырыбыңызға қатысты жазбаны жолай өтіп бара жатып тастап кетуі де мүмкін. Осында және қазір білім өндіру туралы сөз қозғайтын болсақ, мұрағатшылар мен кеңес берушілердің рөлі анық бағаланбайды — мұрағатта не бар екенін олардан артық ешкім білмейді, бірақ бұл білімді беру белгілі бір шектен аспайды әрі икемді қажет етеді. 

Кез келген қызмет сияқты, мұрағаттың өзіне тән денелік жад қабаты бар. Бұл күн сайын қайталанатын қозғалыстар тізбегі: формаларды толтыру, құрғақ парақтарды парақтау, үлкен көлемдегі мәтінді қайта теру немесе қолмен жазу (бір уақытта мұрағат дербес компьютерді пайдалануға рұқсат бермеді, егер өтініш берілсе, мүмкін болуы ықтимал). Дене барлық жерде қатысады: ауыр қораптар мен тізімдемелер жәшігін көтереді, ескі парақтардың шаңын жұтып, шағын бөлмеде том-том болып жатқан үйінділер арасынан жоғалған тапсырыстарды іздейді, шимай-шатпақ қолжазба мен өңі кеткен сияны анықтау үшін көз майын тауысып оқиды.

Іздегенді табу және біріктіру

Табылған ақпарат бірліктерін іздеу және өңдеу технологиясы — мұрағат жұмысының негізгі процесі және зерттеу сүзгіден өтетін тағы бір перформатив линза. Әртүрлі жолмен іздеуге болады. Сипаттама болған жағдайда сөздер бойынша іздеу мүмкіндігі бар цифрланған мұрағат каталогтарының болуы керемет мүмкіндік болып саналады. Бірақ төл зерттеу шындығында көбіне балама әдістерді қолдана отырып, оларсыз жұмыс істеуіме тура келеді. Процесс былай жүреді: 1) қор жолбасшысымен кеңесіп, олардың қайсында өзіңе қажет ақпарат болуы мүмкін екенін болжау. Мұндай қадам кем дегенде қажетті дәуірдегі институционал жүйелер мен олардың жауапкершілік салаларын білуді талап етеді. 2) қорларды таңдау және олардың тізімдемелерін файлдарда қамтылған тақырыптармен зерделеу. Бұл кезеңде де күмән сейілмейтіні анық, өйткені істің тақырыбы толық сипаттамаға үнемі сәйкес келе бермейді. Елеусіз «есептердің» немесе «хат-хабарлардың» ішінде жұмыс үшін баға жетпес ақпарат та, мүлдем қажеті жоқ дүние де жатуы мүмкін. Тақырыпта көрсетілген «есептің» екі жүз бетінің арасында, мысалы, тақырыпта белгіленбеген жеке күнделіктің бірнеше парағы болуы ықтимал. 3) көзің түскен тақырыпты таңдап, оларға тапсырыс беріп, алып оқу. Жолыңыз болып жатса, зерттеу тақырыбына қатысты ақпаратты тауып, бірден қағазға түсіру. Содан кейін аталған үзінділерден тарихты еске түсіретін әлденені, нарративті қалай біріктіруге болатынын, осы шашыраңқы үзінділерді қазіргі білім ауқымына негіздеуге қандай аргумент мүмкіндік беретінін ой елегінен өткізу. Сайып келгенде тұтас сипатталған зерттеу процесі таңғаларлық түрде жұмыстың өте қарапайым технологиясына — іріктеу әдісіне байланысты екені айдан анық болады, ол қатарда сипаттамалар, нұсқаулық карталар, ісқағаздар бар. Егер бұл қадам автоматтандырылған болса, біздің сала, айталық, Central Asian studies қандай болар еді деп ойлаймын, яғни уақыттың көп бөлігін қандай қорда керек құжат сақталды екен деген болжамдарға емес, құжаттарды зерделеуге арнауға болар еді. Екінші жағынан жұмыстың дәл осы бөлігі үнемі сәтті шыға бермесе де, өзіме ұнайтынын жасыра алмаймын. Белгісіз болмаса өнертапқыштық ізденіс күтпеген жерден олжаға кенелтуі мүмкін, қала берді тарихи контекспен жақсы танысуды жемісті ете түсері анық.

Қазбалар, 2010 жыл. Суретті түсірген Наталья Морозова
Қазбалар, 2010 жыл. Суретті түсірген Наталья Морозова

Дереккөздерді іздеуден бастап мәлімдеме жасауға дейінгі жоғарыда сипатталған процесті неғұрлым сезімтал жеткізу үшін өзімнің жеке жұмыс хикая-метафорам бар, бұл тарихи қолөнермен кездескен алғашқы тәжірибем. Орта мектепте оқып жүргенімде әдебиет пәнінің мұғалімі жаздың бір-екі аптасын қазба жұмыстары жүретін жерде өткізуге ұсыныс айтты. Оқиға Мәскеу түбіндегі Звенигородта болды, онда XIV ғасырдың соңында қоршалған бекіністің («Городок») аумағында салынған Городоктағы храм деп аталатын жерді қазып жатқан еді. Қазба барысында қыш бұйымдар, сүйектер, сирек моншақтар, айқыштар табылды, қазбада кезекшілікпен жұмыс істеп, үйіндіні қазып, електен өткізетін. Егер біреу жұмыстан шаршаса, қосымша қызмет түрі табыла қалатын. Қалқаның астындағы үстелге барып, ақшыл бояу қабаты бар жүздеген ұсақталған сылақ бөлшегі әлеміне сүңгіп кететін едің. Бөлшектерді біріктіру, олардан пазл іспетті құрақ құрау қиынның қиыны еді. Айталық, бір күнде кем дегенде екі бөлікті біріктіре алсаңыз, мұның өзі үлкен жетістік боп саналатын. Сол үстелде бір сағат отырғаннан кейін қолыма қайтадан күрек алғым келетін. Бұл қандай сынықтар еді? XV ғасырда собордың іші тұтастай фрескалармен боялған. Фрескалардың, сондай-ақ алтарь иконаларының авторы Андрей Рублев пен оның шәкірттері деп саналады.9 9 Храм аумағынан табылған «Звенигородский чин» деп аталатын фрескалар мен иконалар атрибуциясы туралы Игорь Грабарды қараңыз, «Андрей Рублёв: Очерк творчества художника по данным реставрационных работ 1918–1925 гг.,» Вопросы реставрации, I, Москва, 1926. Бұл әлі күнге дейін өткен ғасырдың басындағы орыс өнері тарихындағы ең айтулы қазынаның бірі не мистификация деп саналады. Бірнеше ғасырдан кейін ескі фрескаларды жаңартуға шешім қабылданады. Олар жаңа кескіндемелерге орын босату үшін құлатылып (десе де әлденеге ілінген, болмаса қол жетпейтін бірнеше фреска сақталған), храмның аумағында қазылған шұңқырларға тасталған. Археологтар аталған шұңқырды жақында тауып, барлық бөлшекті қазып алып, жуып, фрескаларды қайтадан біріктіруге тырысты. 

Әлі күнге дейін сол жұмыстан алған әсерім мемлекеттік мұрағатта жұмыс істеудің тамаша метафорасы сияқты көрінеді: сағаттап, күні-түні, айлап іргесі бүтінделмеген сынықтарды көз майыңды тауысып зерттейсің. Олардан тұтас әлдене, картина, пікір, болмаса бейне жасауға тырысасың. Бірақ бөліктер бір-бірімен үйлесе қоймайды, көбі баяғыда жойылған, болмаса жоғалған. Бөлшектердің көпшілігі қарабайыр, бозғылт бояудан тұрады, оларға ұзақ қарай алмайсың. Қызықты детальдар, мысалы, жолақ немесе нүкте сирек кездеседі. Бір кездері барлық фреска құлатылып, сынықтары шұңқырға тасталды, олардың шұңқырдағы орны сол тазалау әдісін көрсетеді: шұңқырдың түбінде бұрын құлатылған фрескалар жатыр, жоғарыда одан кейін құлағандардың сынықтары шоғырланған. Сондай-ақ, бір қабатта жатқан кесінділер, бәлкім, бір-біріне жақынырақ орналасқан және бір фрагментті құраған деп болжауға болады. Әрине, кей бөліктер көзге көрінбей, жоғалып кетті, болмаса айтарлықтай зақымданған. Барлығы бір кезде біртұтас фресканы құрап еді, бірақ қабырғадан құлатылғаннан кейін олар маңызды дүниені — өзара қарым-қатынасты жоғалтты. Оларды қалпына келтіру реставратордың қолында (аталған процестің делегациясы және оны цифрландыру да еріксіз ойға келеді). Шамалап айтқанда, мұрағаттағы адамдар да дәл осындай іспен айналысады, онда қаншалықты көп уақыт өткізсе, соншалықты есте сақтауы дамып, бөліктерді бір-біріне тез әрі епті сәйкестендіретін болады. 

Аталған салыстырудан үш дүниені байқаймын. Бірінші — кез келген мұрағат түбегейлі толық болмағандықтан, ешқашан толық кескінді бере алмайды. Ол кейбір бөліктердің уақыт өте шашыраңқы күйге түскенінен ғана емес, сондай-ақ олардың қарым-қатынасының реконструкциясы қолда бар дүниелерге ғана негізделіп, белгілі бір деңгейде болжам болып қана қалады. Екіншіден, мұрағат ол жерде бұрын-соңды жұмыс істеп көрмегендер елестете де алмайтындай әлдеқайда ретсіздікке толы. Ол болжаудың ырқына көнбейтін орын және бұл анау айтқандай ерекшелік емес, кез келген әкімшілік жұмыс пен институционал мұрағаттардың қалыптасуына тән қасиет. Үшіншіден, мұрағатта ақпараттар белгілі бір ретпен орналасып, әлеуетті түрде қолдануға жарамды болған күннің өзінде ол өздігінен ештеңе өндіре алмайды. Бірақ институциямен өзара әрекетке түсетін зерттеуші болмаса, ол үнсіз қалады. Мұрағаттағы ісқағазға тапсырыс беріп, оның алғашқы оқырманы болған сайын осы ой мені жиі мазалайды (мұны білу оңай, өйткені әрбір пайдаланушы әрбір мұрағат ісқағазына енгізілген арнайы бланкіні толтырып, сол жерге өзінің аты-жөнін, күнді және құжатты пайдалану сипатын жазуға тиіс). Бланкіден таныс есімдерді көріп: «О-о, сіз бұл құжатты 2001 жылы оқыған екенсіз, ал мен ол кезде мектепте оқитын едім. Қызық, сол кезде не ойлады екен, қай көзбен құжатқа назар салды екен? Бұл сіздің жұмысыңызға пайдалы болды ма? Әлде тез зер салып, бір шетке ысырып қойдыңыз ба?» деп әріптестеріммен уақыт пен қашықтықты ортаға салып, диалог жүргізген кезде де бұл ой мені тәрк еткен емес. Қанша ісқағаз ешқашан тапсырыспен алынған жоқ және ешқашан оқылмайтын да болар. Сәтсіз көрсетілген тақырып, болмаса өзіңіз аңдамай, қаншама ісқағаздың жанынан жай ғана өтіп кеттіңіз екен? Қаншама қағаз құпия түрде қалып, орнында болмайтын шығар, осылайша атышулы history-writing мақсатына қызмет етпей көзден бұл-бұл ұша ма?

Қазбалар, 2010 жыл. Суретті түсірген Наталья Морозова
Қазбалар, 2010 жыл. Суретті түсірген Наталья Морозова

Айналма жолдарды көру және ойлап табу


Тарихи нақты тәжірибе ретінде мұрағат ісінің перформатив, процессуалдық өлшеміне назар аудару мұрағат пен «білім өндірісі» арасындағы тік, бірбағытты және бір мәнді емес қарым-қатынасына қатысты біздің түсінігімізді қиындатады.10 10 Қараңыз, мысалы, Паоло Сартори, «Мұрағаттағы тыныштық үні: он сегізінші ғасырдағы орыс дипломатиясы және Орталық Азиядағы дұшпандықтың тарихи эпистемасы туралы»,  Itinerario. 2020, 44(3): 552-571. doi:10.1017/S0165115320000340 Мұрағат жұмысының перформативтілігі мен кодификациясының жоғары деңгейі тарих ғылымында кейде біз рефлексия танытпайтын қолтаңбаға ішкі линза ретінде қызмет етеді. Белгілі бір құжаттарға, жазбаша және жазылмаған жұмыс ережелеріне, зерттеу процесіне көмектесетін фигураларға қол жеткізуді шектеу немесе оған жол ашу,  мұрағаттың барлық аталған күрделі хореографиясы жұмыстың фоны мен алғышарттарын құрап, кейде жұмыс істеп тұрған қорлар туралы, құжаттар сақталатын көпшілік біле бермейтін орындар және жүйелеу мен сипаттау тілінің ішкі ерекшеліктері туралы білім алудың тікелей құралы ретінде қызмет етеді. Мұрағат ісінің жағдайлары неғұрлым шектеулі болса, бұл жағдайлардың өндірілетін білімге ықпалы соғұрлым айқын көрінетінін айту керек. Бұл фон зерттеу мәтіндерінде сирек айтылады, жұмыстың процедуралық сипатына баса назар аударылады, ал сырттан қараған адамға мақала немесе кітап үшін табылғанның бәрі әрқашан мұрағат сөресінде дайын күйінде жатып, оқырманды күтіп тұрғандай көрінуі мүмкін. Бірақ бұл аралық қабат бізге және тарихты жазуымызға үнемі әсер етеді. Мен перформатив зерттеулердегі (performative studies) мұрағатқа қатысты қарама-қайшылықтардың құрылымдық сипатын және перформанс мұрағаттың қандай да бір «тірі» антидоты емес, керісінше, оның дәл сондай құрамдас бөлігі, мұрағаттың да «тірі» екенін және біздің дәуірдегі тарих өндірісі туралы перформанс қою үшін зерттеушінің болуын талап ететінін көрсеткім келді. 

Бұл тәжірибеде нені білдіреді? Егер бірінші қадам жұмыс жағдайларын және олар ұсынатын шектеулер мен мүмкіндіктерді талдау болса, екінші қадам осы шектеулерді айналып өту немесе олардың орнын толтыру үшін не істеуге болатынын ой елегінен өткізу болып саналады. Басқа жүйелерде табылған дереккөздермен институционал мұрағаттардағы дереккөздерді толықтыру — айқын қадам. Меніңше, деректерге қол жеткізуден бөлек, жалпы мұрағаттық тәртіптен шығудың жеке жолдарын ойлап табу да нәтиже бермек. Бұл мұқият бақылау және қолданыстағы механизмдерге бейімделу жағдайында мүмкін болады. Мен қолданатын тәсілдің бірі — мұрағатта жұмыс істеу барысында өзіңе табан астынан туындайтын зерттеу ойынына уақыт беру, яғни бұл — кездейсоқ ісқағаздарға тапсырыс беруден бастап, кейде күтпеген нәтижеге әкелетін осы және басқа тақырыптар туралы қызметкерлермен тілдесу деген сөз.