Өмірбаян: Ербосын Мелдібеков

Модерн пайда болғалы бері біз уақытты сызықтық тұрғыда қабылдаймыз. Осыған байланысты адамдардың өмірбаяны мен құбылыстар хронологиясы үздіксіз даму, ілгерілеу тұрғысынан жазылған – бәрі дүниеге келуден басталып, соңғы оқиғамен түйінделіп, ал оның соңы өліммен аяқталады. Бұдан басқа, Бенедикт Андерсонның сөзімен айтқанда, уақытты «біртекті және бос»1 1 Benedict Aderson, Imagined Communities: Reflections on the Origin and Spread of Nationalism, Verso Books, 1983 деп ойлаймыз. Бос және біртекті болуы оны шексіз толтыруға болатынын білдіреді, демек, бір-біріне иненің жасуындай жақындығы, достығы жоқ адамдардың тағдырын, өзгермелі саяси режимдер, идеологиялар мен технологияларды шашау шығармай үйлесімді түрде өзіне сыйдыра алады. 

Бұл мәтін уақытты түсінудің басқа тәсілдерін ұсынбайды. Орталық Азиядағы көрнекті заманауи суретшінің бірі Ербосын Мелдібековтің өмірбаяны мен шығармашылық жолын қарастырғанда, баяндаудың сызықтық тәсілін ұстанамыз. Алайда концептуалдық тұрғыда мұндай түсінік Мелдібековтің өз қисыны мен қабылдауына қайшы келетінін атап өткен жөн сияқты. Мультимедиалық суретші (және бұл мәлімдеме оның тәжірибесін танытатын мағынаның бір бөлшегі) туған аймағында уақыттың сызық бойында еместігін алға тартады. Қазақстандықтың түсінігінде ол спираль тәрізді траекториямен қозғалып, әрбір жаңа цикл бұрынғы нүктесіне оралады. Осылайша, Орталық Азия бір сценарийді қайта-қайта бастан өткеруге мәжбүр. 

2024 жылы осы мәтін жазылып жатқанда Ербосын Мелдібеков 60 жасқа толды: ол 1964 жылы сол кездегі Қазақ КСР-інің оңтүстігінде орналасқан Түлкібас теміржол станциясында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Мелдібековтің әкесі теміржолшы болған, Ербосын 1980 жылы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне (қазіргі Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) оқуға түскеннен кейін әкесі көп ұзамай қайтыс болған. Мелдібеков қызық естеліктерін тарқатып айтқанда, Түлкібас станциясы маңындағы ауылда немістер көп тұрғанын және солар үшін арнайы ашылған оқу орындары болғанын сөз етеді. Суретшінің өзі теміржол қызметкерлерінің балаларына арналған мектеп-интернатта оқыған.

Ербосын Мелдібеков 1984 жылы көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін Кеңес әскері қатарында қызмет ете бастайды. Өміріндегі бұл екі жыл суретшінің сезімталдығын ұштауда айрықша рөл ойнап, оның мультидисциплинар тәжірибесіне белгілі бір бағыт-бағдар береді. Арасында Алматыда оқып, шығармашылық қабілетін шыңдағаннан кейін, әскер қатарына қосылған жауынгер ретінде аймақ елдерінің, сондай-ақ, кейінгі КСРО-ның саяси жағдайына байланысты Ауғанстанның картасын салуға тура келді. Мелдібеков әскери борышын өтеу кезінде алған ақпарат әлі күнге дейін жеке жобаларын жасау барысында пайдаға асатынын мойындайды. Осы тәжірибесінің арқасында суретші аймақты Ауғанстаннан бөліп қарастырмайды әрі бұл мемлекетті Орталық Азия жағдайының өзіндік эпицентрі деп атайды («Времена года в Гиндукуше», 20092011).

1987 жылы кеңес әскері қатарындағы борышын өтеген соң, Ербосын Мелдібеков Алматы театр-көркемсурет институтының қолданбалы өнер факультетіне оқуға түседі. Училищеде студент болып жүрген кезінен-ақ таныс болған ұлттық ою-өрнек сарынына бой алдырған визуал жүйені суқаны сүймейтінін түсінген соң, мүсін бөліміне ауысуды жөн санайды. Бұл шешім оның өнер жолында маңызды рөл ойнайды. 

Студенттік арман-мақсаттары туралы сөз ете келе, Мелдібеков жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін коммунизм қайраткерлерінің тас портреттерін мүсіндеуді армандағанын ашық айтады. Ол Кеңес үкіметі мойындаған, өнер жолы негізінен коммунистік партияның идеологиялық тапсырыстарын орындаудың арқасында дамып келе жатқан суретшілер одағы мүшелерінің жақсы өмір сүріп, ештеңеге мұқтаж болмағанын көре жүріп ер жеткен. Мелдібеков оқуды бітіргеннен кейін осындай жайлы өмір сүруден үмітті еді, алайда 1991 жылы аймақта ғана емес, одан тыс жерлерде де құндылықтар жүйесін түбегейлі өзгертуге алып келген КСРО-ның ыдырауы суретшінің үмітін мәңгілікке жойды. 

Әйтсе де, мүсін өнерінен білім алған уақытты бекерге кетті деу дұрыс емес, өйткені ол Ербосын Мелдібековке көп нәрсе берді. Бұл өнер түрі таспен және металмен жұмыс істеуді үйретті, кеңістікте ойлауды, композициялық және пластикалық ойлау әдетін қалыптастырды, сондай-ақ университет қабырғасында өткен жылдар пікірлес жандармен жолықтырды. Суретшінің эстетикасына елеулі әсер еткен осындай маңызды тұлғаның бірі – институтта жүргенде танысқан Қанат Ибрагимов. Сол кезді еске алған суретші Ибрагимов әрқашан байқампаздығымен, білімдарлығымен ерекшеленгенін айтады. Ол заманауи көркемдік тәжірибеге қызығып, музыкаға ерекше құштар болды әрі мәдениеттің сан түрлі болмысын көзден таса қылмайтын. Мелдібековтің алғашқы нақты көркемдік жобалары Ибрагимов тұлғасымен байланысты. Институтты бітіргеннен кейін екі жылдан соң, 1994 жылы екі автор бірігіп, кейін галереяға айналған «Көксерек» ұжымын құрды.

Мелдібеков пен Ибрагимов таңдаған бірлестік атауының өзі олардың 1990-жылдардың басындағы шығармашылық ұстанымынан хабар береді. Көксерек атауы қазақстандықтарға Мұхтар Әуезовтің осы аттас шығармасынан жақсы таныс. Шығарма желісі бойынша Құрмаш есімді бала қасқырдың бөлтірігін асырап, оған пана болады. Бөлтірік қолда өскенмен, табиғатынан алшақ кете алмады. Соңында Көксерек Құрмашты талап өлтірді. Жас әрі қайраты тасыған Мелдібеков пен Ибрагимов бөлтіріктен кеңестің «қолға үйрету» саясатына бой алдырмай, сыртқа жарып шыққан қайсар табиғатымен үйлесім тапқан өз бейнесін көрді. 

Көксеректің әрекеті шынында радикалдығымен әрі қияңқылығымен оған дайын болмаған көрерменді таңғалдырды. Вена акционимзі мен словениялық NSK ұжымынан шабыт алған суретшілер нағыз арандатушы және экспериментал өнер жасады. Ұжымның 1997 жылы Мәскеудегі «Арт Москва» заманауи өнер жәрмеңкесінде ұсынылған Neue Kasachische Kunst («Қоймен болған әрекет») атты жұмысын атап өткен жөн. Көпшіліктің көзінше Ербосын Мелдібеков пен Қанат Ибрагимов қой сойып, оның ыстық қанын кесеге құйып ішеді. Шімірікпестен жасалған әрекетті тамашалауға суретшілер Мәскеу жануарларды қорғау қоғамының өкілдерін арнайы шақырған.

Кейінгі жылдары жеке жұмысын жалғастыра отырып, Мелдібеков перформансқа деген сүйіспеншілігін сақтайды. Бұл қатарда оның 90-жылдардың соңында жүзеге асырған жеке жобаларынан бөлек (мысалы, «Азия тұтқыны» және «Пол Пот», екеуі де 1988 жылы жүзеге асқан), жаңа басталған екі мыңыншы жылдардағы жобалары да бар.

Суретшінің екі мыңыншы жылдардың басындағы жұмысы Пастан есімді кейіпкердің пайда болуымен байланысты. Пастан – ер адам. Автордың идеясы бойынша, ол билік басындағылардың алдында құрдай жорғалайтын, абыройды ойлап жатпайтын жан. Бағынышты, қорқақ және бойкүйез. Орталық Азияның қарапайым тұрғынының ұжымдық бейнесі деуге болады. 

Бірнеше бейнежұмысты көргеннен кейін, Орталық Азиядан шыққанын басындағы тақиясы көрсетіп тұрған суретшіні (оның рөлін Мелдібековтің өзі орындаған), Пастанның әділетсіз әрі тоқтаусыз соққы мен балағатқа үнсіз әрі риясыз төзіп тұрғанын байқаймыз («Пастан I», 2001 және «Пастан көшеде», 2003). Ессіз, себепсіз күлкіге булыққанын («Шу-Чу», 2007) немесе түшкіріп әлек болатынын («Аллергия», 2009), бәрінің әрі барлығының бетіне армансыз түкіруді («Плевок», 2014) қалайтынын көреміз. Мелдібековтің үнемі үнсіз бұл бейне перформанстары Орталық Азия субъектісі болмысының әртүрлі қырын айқын және анық көрсетеді.

«Сөз жоқ, жергілікті контекспен жұмыс істеу керек», – дейді суретші үнемі. Ербосын Мелдібеков шығармаларының негізгі шабыт көзінің бірі – аймақтың тарихы. Тарих ғылымы идеология құралы болған кеңестік кезеңде қалыптасқан суреткер балама тарихқа ерте назар аударды. Бұл қызығу сыни ойлаумен ұштасып, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап Мелдібековтің жаңа ұлттық мемлекет құру жобасын үлкен сенімсіздікпен қабылдауына ықпал етті. Ол төл нарративтерінің гегемониясына өзінің көркемдік контр-нарративтерін қарсы қойды. 

Мұндай қайшылықтың жарқын мысалының бірі «Белгісіз батырға қойылған ескерткіш» немесе «Шыңғыс хан терісін жамылған Гаттамелата» (1998) жұмысы. Жануар денесінің қалған бөлігінен үзіліп, бостықпен түйінделетін жылқының аяғы мен тұяғының тұлыбынан тұратын бұл ескерткіш Қазақстан қалаларының қоғамдық кеңістігін батырларға арнап қойылған ескерткіштермен кеңінен таңбалау құбылысын шебер баяндайды. Белгілі бір тұста автор бізге жаңа ұлттық-тарихи иконографияның бұдан былай кімге құрмет көрсетуді талап ететіні мүлдем маңызды болмайтынын түсіндіреді.

Ербосын Мелдібеков тәжірибесі бізге кез келген ескерткіштің перформатив екенін дәлелдейді («Отбасылық альбом», 2006–2011, «Трансформатор», 2013). Бұл – қала кеңістігінде мәңгілікке орнатылған қатып қалған нысан емес, тұрақты негоциацияға бейіл билік қатынастарын білдіретін және әшкерелейтін қозғалмалы маркер. Ескерткіш уақыт өте келе өзгереді және мутацияға ұшырайды, бөлшектеледі, өңделеді және толықтырылады. Ескерткіштің уақыты да адамдардың уақыты сияқты сызық бойында, демек, адамның өмірі сияқты оның да пайда болған сәтінен бастап жоғалғанға дейінгі өмірін қадағалай аламыз.

Егер бұрын суретші тұтас Орталық Азия аймағын немесе оның кем дегенде бірнеше республикасын қамтитын оқиғаларға сілтеме жасаса, 2020-жылдардан бастап Мелдібеков өзін толығымен Қазақстанның ішкі контекстіне арнады. Бұл түсінікті, өйткені тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күтпеген жерден отставкаға кетуіне орай өткен онжылдық өте жарқын аяқталды. Қазіргі онжылдықтың төрт жылында елде айтарлықтай сілкініске толы оқиғалар болды, әсіресе 2022 жылғы қаңтар оқиғасы мен «Жаңа Қазақстанның» жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына билікті шоғырландыру үдерісі басты оқиғаға айналды. Аталған жағдайлар белгілі бір мағынада суретшінің қолын еркіне қойып, оған Назарбаевтың авторитар режимінің бірмәнді емес визуал мұрасымен ашық жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

«Автордың құлауының бес нұсқасы» атты (2024) инсталляциясында Ербосын Мелдібеков 2022 жылдың қаңтарында Талдықорған қаласында наразылық білдірушілер Назарбаевқа қойылған ескерткішті қиратқан атышулы эпизодқа қайтып оралады. Суретшінің бағалауынша, үш секундқа созылған құлау әрекеті тұңғыш президенттің отыз жылдық билігінің маңызын қамтыған белгі болды. Үш секунд символдық түрде отыз жылды жоққа шығарды. Назарбаев ескерткіші бұқараның жазасына кесілді, ал оның уақыты тоқтады.

Дегенмен, Ербосын Мелдібековпен ұзақ жыл әріптес болған Дастан Қожахмет кураторлық еткен жеке көрмесі аясында «Автордың құлауының бес нұсқасы» (2024) инсталляциясындағы диктаторға арналған түрлі ескерткіш Назарбаев құламай, керісінше, бой көтергендей орналастырылған. Оның жоғарыға бет алған денесі уақыттың сызықтық ағынын жойып, саяси өлікті жұртшылық алдында қайта тірілту ыңғайсыздық тудырады. Ал режимді бұзып, бөлшектеу процесі бұл өткеннің ісі емес екенін, қазақстандықтар енді бастан өткеретін дүние екенін меңзейді.