Бұрынғыдан жақсырақ болады
Бұл эссе-фильм қос режиссер – Кето Кипиани мен Николас Куништің бірлескен жобасы ретінде басталды. Бес жылдан кейін Кипиани бастапқы нұсқаны қайта өңдеп, сценарийді өзгертеді де, бұл туралы екінші автор Кунишке ескертпейді. Этикалық дилеммамен бетпе-бет келген Кипиани процесс барысында туындаған көзқарасы мен сезімін ортаға салуға тырысты. Фильм 1934 жылы Грузияның оңтүстік-батысында салынған Абастумани обсерваториясында түсірілген. Бұл сұхбатта куратор Георгий Спандерашвили фильмді авторлармен бірге талқылайды. Туындыны 1 мен 15 мамыр аралығында онлайн көруге болады.
Георгий Спандерашвили: Кето, «It Will Be Better Before» фильмі туралы сөйлесейікші. Фильмнің түсірілім процесі, әсіресе Абастуманиде өткен күндер есімде. Ал сұхбатқа сұрақ дайындай бастағанда бәрі қиындай түсті. Фильм қусаң жеткізбейтіндей, көрген түске ұқсастау, мен оны Абастуманидің атмосферасымен байланыстырамын. Қарапайым сұрақтан бастайық: бұл туынды арқылы қандай идеяны жеткізбек болдыңыздар?
Кето Кипиани: Иә, Абастумани расында бір сиқырлы жер, өте таныс әрі етене жақын. Фильм түсірмей тұрғанда да ол жерге жиі барып, уақытымның көп бөлігін сонда өткізетінмін. Абастумани Николасқа да сондай әсер сыйлады. Бір сәтте бірнеше оқиғаның орайы келуі оған айрықша әсер етті. Суретші ретінде, әсіресе, дыбыспен және визуалмен жұмыс істейтін адам ретінде әсері өзгеше болды. Абастуманиде бірлесіп әлдене жасау туралы идеяны да Николас айтты.
Бір қызығы, біз ол жерге бір күнде барып қайтамыз деп едік, алайда Николас суретші ретінде сонда жұмыс істегісі келетінін айтты. 2018 жылдың мамыр айы еді. Ақыры мені бірлескен жоба жасауға көндірді, тіпті Рейкьявикке ұшқалы тұрған жерінен кері қайтты. Сөйтіп Абастуманиде екі айға жуық тұрақтап қалдық.
Суретші ретінде Николасқа бұл интерактив алаңдай көрінді; құдды қиялындағы көркем дүниені жүзеге асыратын кеңістік іспетті болды. Әуел баста ойға алған ісіміз мүлдем басқаша елестеген: сол жерде өмір сүрген адамдардан естіген әңгімемізден туған дыбыс, бейне мен оқиғалардың қоспасы сияқты әлдене жасамақ болдық.
Г.С. Сіздер жасаған туынды Томас Манның «Сиқырлы тау» шығармасының кейбір тұстарын еске салады. Сол жерге барудың өзінде осы шығармамен үндестік бар. Сонымен бірге мұны фильмнің өн бойынан сезуге болады…
К.К. Иә, «Сиқырлы таумен» байланыс өте айқын екеніне келісемін: Абастумани туберкулезбен және басқа да өкпе ауруларымен ауыратындар емделетін орталық ретінде танылғаны белгілі әрі бұл фильмде айтылатын Манн жазған романның негізгі тақырыбына сәйкес келеді. Сонымен бірге ғарышпен тікелей байланыс бар. Бұл ғаламды бақылай алуға мүмкіндік беретін мекен әрі дәл осы себеп осы бір алақандай тауға сиқырлы қуат сыйлайды.
Николас мұны өте жақсы таспалай білген. Ол мультимедианы, ең әуелі дыбысты, қозғалмалы кескіндер мен мәтінді пайдалана отырып ойластырылған әсерлі әңгіме іспетті.
Фильмнің Николасқа ұнаған алғашқы нұсқасы дәл осы форматқа негізделген еді: Абастуманиде туған музыканың сүйемелдеуімен қозғалатын кескіндер; біз есте сақтаған оқиғалар болады дестік. Мен қағазға түртіп отырып, аудардым және Николасқа да айттым, ол содан әлдене шығарды.
Белгілі бір себептермен сол жерде фильмді түсіруді аяқтай алмадық. Тура бес жылдан кейін, 2023 жылы материалға қайта оралдым. Ол кезде менің көзқарасым суретші ретінде ғана емес, Николаспен қарым-қатынасым және достығымыз тұрғысынан да қатты өзгерді. Оның бұл фильм арқылы не айтпақ болғаны және менің айтпағым екі басқа дүние екенін түсіндім. Менің үндеуім мүлде басқа болды әрі оны айтуға батылдық қажет еді. Мұндай батылдық менен шыға ма, жоқ па, анық білмедім.
Г.С. Олай болса, бұл фильмді екеуара диалог деп санайсың ба, әлде осы фильмнің арқасында бір-бірін танып үлгерген адамдардың екі бөлек монологы ма?
К.К. Менің ойымша, бұл фильм қос монологты диалогқа айналдыру әрекеті…
Г.С. Сәтті әрекет дер едім…
К.К. Қабылдауға байланысты. Көрерменге сәтсіз болып көрінбеуі мүмкін, бірақ Николас үшін аса сәтті әрекет емес. Бұл фильм екі тілде сөйлейтін екі адамды тура мағынасында да, астарлы мағынада да біріктіру әрекеті деп ойлаймын. Сондықтан әуел баста баяндауымды Николастың көркем сезімімен үндестіруге тырыстым. Айтайын дегенім, Николастың сөзіндей поэтикалық сипатта болғанын әрі сол ортаға сайма-сай келгенін қаладым. Қолға алғаннан кейін қалауым ол емес екенін түсіндім. Николаспен поэтикалық диалог түзгендей әсер қалдырды. Сондықтан айтқым келген дүниені боямасыз көрсететін, түбегейлі, негізі берік, ұтымды әрі эмоциясы терең форманы таңдау керек деп ойладым. Бұл Николас әуел баста ойластырған шеңберге сыймайтын шығар, сонда да дәл осы диссонансты фильмге енгізгім келді.
Г.С. Фильм өте сәтті шыққан деп ойлаймын, себебі онда екі монолог бар: біріншісі тым поэтикалық, ал екіншісі қарапайым, сөйте тұра қайшылық тудыра алатындай поэтикасы бар.
К.К. Фильммен жұмыс істеу барысында өзім үшін маңызды бірнеше аспекті болды, ол әсіресе монтаждау процесіне қатысты. Редакторым Эка Цоцориямен бірге процесс туралы ғана емес, оның қайшылығын тап басу жөнінде де жиі ойландық. Фильмде әйелдер де, еркектер де бар, сонымен бірге тіл мен мәдениеттің қайшылығы көрініс тапқан.
Фильмде грузин тілінде сөйлеуім өте маңызды болды, себебі осы тілде ойымды еркін жеткіземін. Бастапқыда Николас жазбаларын ағылшын тілінде жазып жүрді, бірақ мен француз тіліне, яғни ана тіліне өтуін сұрадым. Грузин тілінде сөйлейтін және ойлайтын адам ретінде оның әлемдегі кең тараған тілдің бірі саналатын француз тілінен ерекшелігін көрсету өте маңызды болды. Дүниежүзінде небәрі 3-4 миллион адам сөйлейтін грузин тілі фильмде тежеуші сияқты көрінді... Сондықтан осындай өзара әрекеттесу тіл жағынан да, мәдени жағынан да өте маңызды болды. Мәселен, мен сияқты бұрыннан қатысы болмаса да, Николас Абастуманиге бауыр басты ғой.
Әдетте белгілі бір жерге бауыр басу сезімі болады, Абастумани – сондай аумақтық байланыс сезілетін жердің бірі. Николастың көзқарасы өте қызық болды, өйткені Абастумани оған мүлдем жат мекен еді. Сөйте тұра өзін еркін сезінді. Еш жерге бауыр баспайтынын жиі айтатын адамның мұнда өзін туған үйінде жүргендей сезінуін бақылау қызық болатын. Себебі мұнда Николас жақсы көретін ағаштар, саңырауқұлақтар, біртүрлі дыбыстар бар еді.
Г.С. Мәдени айырмашылық тұрғысынан қызық. Туып-өскен аймағынан бөлек қалада, елде, соның ішінде экономикасы дамыған мемлекеттерде тұратын дос-жаран, әріптестерімнен белгілі бір жерге тиісті болу немесе «үй» деген түсінікке қатысты дағдару жиі болатынын естимін. Көбі қайда тұруға тиіс екенін білмей дал болатынын ашық айтады. Біздің жағдайымызда мүлдем басқаша деп ойлаймын. Менің белгілі бір кеңістік пен жерге тиесілі болу сезімім өте күшті.
К.К. Тиесілі болу сезімін дәл қазір осы елде болып жатқан оқиғаларды түсіндіру үшін де пайдалануға болады. Кеше 24-ші күн қатарынан жалғасып жатқан наразылық шарасына шықтық, жүз мыңдаған адаммен бірге қаланың бас алаңы мен көшелерінен билеп жүріп өттік. Күнде кездесетін достарым бұл құбылысты қалай атауға болатынын талқылап әлек. Туған жері мен Отаны үшін қызу күрес дәл осылай шебер әрі асқан шабытпен жүзеге асқан сәтті басқа қайдан көрерсің?
Жаһандану әлемнің түкпір-түкпіріне тарады: шекара жойылды, мәдениет мидай араласты, ал халық ұлтшылдық аясынан шықты. Бұл әсіресе әмбебап болу мен бірлікті ту етіп, ұлтшылдықты айыптайтын солшыл қоғамда қатты байқалады. Көбіміз азаппен байланыстыратын осынау жерге қатысты болу сезімі бұл елді ұлт ретінде сақтап, ұлттық болмысымызды қорғап қалды деп ойлаймын. Қауіп-қатермен бетпе-бет келген кезде бізге қуат беретін де осы ұлттық болмыс болса керек. Басқаша айтқанда, Грузияда кедейлік те, қиыншылық та халықты ұлттық болмыс секілді қайрай алмайды.
Г.С. Дәл осы жағдайда ұлттық болмыс жермен, жер аумағымен тығыз байланысты.
К.К. Иә, менің де айтпағым осы. Грузияда көтеріліске себеп болатын әлеуметтік жағдай емес, ұлттық мәселе. Ұлттық болмысымыздан ажырау қаупі ұдайы төніп тұратындықтан, үнемі қыл үстінде жүретіндіктен де солай болып отыр. Мемлекет болуға қауіп төндіретін мұндай сезім жоқ елдерде наразылық әлеуметтік мәселеге бола тууы мүмкін.
Г.С. Иә, мұндай наразылық күш-қуатты қажет етеді және ол үнемі қарқынды бола бермейді. Осы талқыдан туатын Абастумани обсерваториясының жағдайына ойысайықшы.
Ғимарат Илья мемлекеттік университетіне берілгеннен кейін үміт оты тұтанғандай болып еді, бірақ 2022 жылғы оқиға бәрін өзгертті. Белгілі бір деңгейде бұл наразылықпен және Грузияның қазіргі олигархиялық үкіметімен байланысты. Обсерваторияны университеттен алып, Білім министрлігіне берді. Әуел бастағы ізгі ниетке қарамастан, бүгінде Абастумани кесенеге ұқсайтын таңғажайып резиденция салып, сонда тұруды немесе ара-тұра келіп-кетуді ойға алған олигархтың тікелей бақылауында.
Кезінде кісі қызығатын инфрақұрылымы болған ғылыми мекемелердің жағдайы да оңып тұрған жоқ. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жағдай осы. Абастумани обсерваториясы соның бірі ғана: алғашқы астрономиялық обсерваторияның бірі 1934 жылы бой көтерді. Өкінішке қарай, кезінде дүркіреп тұрған көптеген ғылыми-зерттеу институты енді жұмыс істемейді немесе жұмыс істеп тұр деген аты ғана. Көпшілігі біржола құрыған, енді бірі өткеннің елесі ретінде ғана сақталып қалған.
К.К. 2021 жылы көктемде обсерваторияға табан тіреуіміздің өзі ерекше жағдай деп ойлаймын. Себебі бұл қала ретінде Абастуманидің келбеті өзгермеген, обсерваторияның аумағы да өзгеріске ұшырамаған соңғы жыл болатын. Абастуманиді сол қалпында түсіріп үлгеріп, жолымыз болды; қазір ол бұрынғы обсерватория емес. Бұл бір айрықша белгі іспетті, өйткені біз түсірілім барысында аумақты тұтас қамтуға тырыстық. Негізгі ғимараттың бірі – ең үлкен күмбез, ғылыми кітапхана орналасқан обсерваторияның ең үлкен телескобы негізгі нысанаға айналды.
Кітапханада бірегей басылымдар бар еді. Бүлініп, адам денсаулығына қауіп төндіре бастаған кітаптар іргесі қақырай бастаған ғимаратта сақталды. Кітапхананың цифрлық кітапханаға айналуының да өзінше бір мәні бар: қолға ұстап көруге болатын бұйым бұдан былай материалдық дүние емес. Бұрынғы кітап толы залдарға енді бірнеше компьютер жеткілікті боп қалды. Орасан көп қағаздың бәрін тастауға тура келді. Бұл кеңістіктің мүлік-мүкәммалынан ғана емес, естеліктерден де көз жазуын бақылау өзінше қызық болды.
Г.С. Иә, фильмде жад тақырыбы айқын әрі анық байқалады.
К.К. Абастуманиге соңғы барғанымда бұл ғимарат шын мәнінде цифрлық кітапханаға айналды. Түпнұсқа кітаптарды енді қолға ұстай алмайсың. Бұл аймаққа туристер де кіре алмайды, ерекше бір жағдай болмаса, кіре қоюы да неғайбыл. Бұрын қала өзінше бір қызығымен баурайтын еді. Мұнда жолы түскен адам сирек кездесетін жергілікті тұрғынға кез болатын немесе өкпесінің дертіне ем іздеп келгендерді кездестіретін. Бейсауат жүрген ешкім болмайтын. Әлгілердің бір-бірімен өзара байланысын көру де өзінше бір қызық болатын. Ал қазір Абастуманиде емделушілер жоқ, бұрын негізгі қызметі болса да, науқастарды емдеу қазір тоқтаған. Абастумани XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында дәл осы қызмет түрімен танылса, қазір оның жұрнағы да қалмаған.
Бұрынғы Абастуманиден дым қалмағандықтан, бұл қисынды да. Ғимараттардың кейбірінің қасбеті жөнделген, алайда олар тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да бар болғаны сыртқы көрініс қана. Қазір мұнда үлкен-үлкен қонақүйлер бой көтерген, кескін-келбетінен айырылған қалашық түгелдей дерлік бір ғана олигархқа тиесілі. Абастуманидің бойындағы күш-қуат сарқылды деуге болады, енді қалпына келтіру мүмкін бе, жоқ па, білмеймін.
Түсірілім барысында, тіпті одан кейін бір-екі жылда соңғы нұсқаға әлдебір саяси сипат беруді ойластырдым, себебі сол жылдары Абастуманиде қызу сауда басталды, қонақүйлер салынды, кескін-келбеті ғана емес, өмір сүру салты өзгерді. Мұны көрсету қажет пе, жоқ па деп, бір кездегі ерекше орынның қазіргі өзгерісін көрсетудің қаншалықты орынды екенін ойлай бастадым. Бірақ кейін ойымдағы дүниенің тым жеке әрі құпия екенін әрі мұның да саяси сипаты бола алатынын түсіндім.
Г.С. Иә, кейде саяси мәселені төтесінен айту нәтижелі бола бермейді. Бұл туралы оқып, ойланумен қатар, осының бәрі фильмде көрініс табады. Бұл менің тым субъектив қабылдауым болуы да мүмкін, десе де ойым осындай.
К.К. Фильм не туралы деген сұраққа жауабым мынадай: бұл тек досыма ғана емес, сол жерге, сол жерде өткізген уақытыма, көп жылдық естеліктерге деген ғашық жанның хаты. Сүйіспеншіліктің саяси сипаты да болатынын ескерсек, онда болып жатқан саяси процестер туралы тікелей айтудың қажеті жоқ деп санаймын. Алайда жалғыз маған қатысты емес әрі менен басқаларға да тиесілі дүние туралы айтқанда этика мәселесімен бетпе-бет келдім. Сол үшін досымнан айырылғым келген жоқ, оның көңілін қалдырғым келмеді. Дегенмен, бәрі ойдағыдай болды деп топшылаймын.
Адамды үздік суретші немесе автор ететін дүние не десе, адалдық дер едім. Техникалық жағын айтып отырған жоқпын, жайлы жағдайды ойламай, батыл қадамға бара білуді айтам. Достарыммен бұл мәселені көп талқыладық, олар да солай екеніне сендірді. Маған көкейімдегі дүниені айту керек болды. Өзімнің ойымнан қорыққан жоқпын және фильм әлдекімдерге ұнамай қалады-ау деген уайым да болған жоқ. Ол шартты түрде феминист не зерттеуші бола ма, Батыстың не Шығыстың өкілі бола ма, әлде жай ғана жақсы көретін жан ба, бәрібір.
Бұған қоса, фильмде әзіл-қалжыңға да орын болуы керек деп шештім. Әйелдердің қасіретті драмасы болғанын қаламадым. Онда ирония болуына, сонымен бірге оңашада ойлануға жетелеуіне назар аудардым. Николас екеуіміздің бірге өткізген уақытымыз бен достығымыздың белгісі болса дедім. Николаспен достығымызда езуге еріксіз күлкі үйіретін әдемі әзіл бар еді. Бұл элементті фильмнен алып тастау мүмкін емес болды.
Г.С. Уақыт – фильмде сан түрлі қалыпта оқтын-оқтын көтерілетін тақырып. Фильмде адам бар жалғыз кадр – баланың баспалдақпен көтеріліп, қабырғадағы тоқтап қалған ескі сағатты алып тастап, кетіп бара жататын сәті сияқты. Бәрі еденде жатқан Лениннің шаң басқан портреті іспетті, уақыттың айналасында болып жатқандай.
К.К. Абастуманидегі уақытқа деген көзқарас ең алдымен оның атқаратын қызметі тұрғысынан қызық деп ойлаймын. Абастуманидегі телескоптар бұрын болған оқиғаларды бақылап тұрғандай. Мұнда осы шақтың маңызы жоқ. Ғарыш әлемі мен жұлдыздарды бақыламаған біз үшін бүгін қандай күн екені немесе қай күн екені мүлдем маңызды емес еді. Уақыт пен кеңістік біртұтас болып кеткендей болды.
Г.С. Сондықтан да фильмді «It Will Be Better Before» деп атадыңыздар ма?
К.К. Фильмнің тұжырымдамасын ой елегінен өткізбей тұрып-ақ атауын келісіп қойған едік. Біз кешегі күннің, бүгін мен болашақтың біртұтас дүниенің бір бөлшегі екенін айттық, оның қайдан басталып, қай жерде бітетінін ешкім білмейді. «It Will Be Better Before» деген тіркесті уақытты тіл жағынан көркемдеудің бір түрі ретінде ойлап таптық, бұл қазіргі сәт, өткен күн мен болашақтың бәрі қандай да бір жолмен қатар өмір сүретінін көрсетеді. Бір қызығы, Абастуманиде біз сұхбаттасқан ғалымдар уақыт әлдененің өлшемі ретінде ғана маңызды екенін айтты. Соның өзі жай ғана шартты контекст, ал нақты уақыт ұғымының ешқандай мәні жоқ десті. Жексенбі ме, таңғы сағат бес пе, маңызды емес – уақытты басқа өлшемде қалай көретіні ғана маңызды еді. Обсерватория аумағында болған кезде басқа әлемнің қандай уақыт пен күнтізбе қолданып жатқанына мән бермейсіз, міне, бұл жердің басты қасиеті де осында.
Г.С. Николас, Абастумани туралы ойлануға не түрткі болды, осындай жұмысқа бастамашы болуға қандай қозғаушы күш әсер етті?
Н.К. Орналасқан жері. Абастумани обсерваториясы мені ә дегеннен еліктіріп әкетті. Орман мен табиғат адамзаттың сан қатпарлы тарихымен біте қайнасып кеткен, алақандай тау байрауында аспанды бақылайтын ғалымдар тұрады. Кеңес Одағы кезінде басталған жұмыс күні бүгінге дейін жалғасып келеді, айналадағы ағаштар мен табиғат сол заманнан бәріне куә. Мұндай жерді бұрын-соңды көрген емеспін, Абастумани еш жерге ұқсамайтын ерекше мекен. Алғаш табаным тиген сәтте-ақ біраз уақыт осында қалғым келді.
Г.С. Грузияға келіп, одан Абастуманиге бару үшін біраз уақыт осында қалдыңыз. Бейтаныс тіл мен мәдениетке бейімделу, мүлдем жат ортада болу туралы ойыңыз қандай?
Н.К. О баста Грузияға Исландияда тұрған шағында танысқан досыммен кездесуге барған едім. Кез келген саяхатқа шығар алдында қосымша табыс табу мүмкіндігін қарастырып қоямын, бұл жолы да сөйттім. (Бейтаныс жерге барғанда әйгілі орындарын аралап қана қоймай, пікір қалыптастырып, тәжірибе жинауды да естен шығармаймын). Грузияның ерекшелігін түсінуге біраз уақыт қажет болды. Бастапқыда Кавказдың мәдениеті мен тарихы туралы ештеңе білмесем де, үйренуді жақсы көретін қасиетімнің арқасында керемет тәжірибе жинадым. Бейтаныс жандармен, соның ішінде Кетомен тез тіл табыстым. Екеуіміз жақын дос болып кеттік, ол маған елдің тілі, мәдениеті мен тарихы туралы көп нәрсе айтты. Абастуманимен де Кето таныстырды. Бірінші рет бардық та қайттық. Содан кейін ойымдағыны айтып, бірге жұмыс істеу үшін біраз уақытқа Абастуманиге баруға қалай қарайтынын сұрадым. Музыкаға қажетті құрал-жабдықтарым жанымда болатын, ал Кето деректі фильмдермен жұмыс істейді, ендеше неге бірлескен фильм түсірмеске деп ойладым.
Бастапқыда Кето Тбилисиден тысқары жерлерде маған аудармашы болып жүрді. Уақыт өте келе тілді біраз меңгергендей болдым әрі елдің мәдениеті туралы білген соң, белгілі бір жағдайларда жұрттың не айтып жатқанын түсініп қана қоймай, өзім де түсіндіре алатын дәрежеге жеттім. Қандай да бір елдің тілін білмей де халқымен араласуға болады, алайда аз да болса, мәдениетінен хабардар болған жөн. Маған мүлдем бейтаныс ортаға топ ете түсу ұнайды. Өзімді құдды әлемді жаңа танып жатқан сәби сияқты сезінемін.
Г.С. Фильмдегі дыбыс пен музыканың рөлі туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? Бұл мәселеге қатысты көзқарасыңыз қандай болды?
Н.К. Тағы да қайталап айтайын, жобаның нақты бір мақсаты болған жоқ. Бар болғаны осы бір ғажайып жерде болып, көріп, естіп, иісін сезгім келді. Музыка жазатын құралдарым мен камерамды алып, Абастуманиге аттанып кеттік. Ол жерде болған кездегі сезімімді жеткізе алатын немесе оны маздата түсетін деректі дүние жасағым келді. Күн сайын обсерваторияны аралап, бір жерге жайғасып отыратын едік. Кето қажетті көріністерді түсіретін, ал мен музыка жазатынмын. Музыка арқылы осы жер мен ондағы көріністерді импрессионистік тұрғыда көрсетуді көздедім. Музыкада даладағы жазба санатындағы бірнеше дыбыс элементі бар, бірақ көп емес. Цифрлық және балама технологияны біріктірдім, себебі Абастуманиде табиғат пен технология бір-бірімен біте қайнасып кеткен. Кейін сол жерде жүргенде басыма келген кейбір ойды дыбыстың күшімен жеткіздім: ол кейде абстрактілі, философиялық пайым болса, енді бірде жапырақты жел тербеп өткендей сәттерді бейнеледі.
Г.С. Фильм жады, уақыт, ғалам және бір-бірімізге айтатын әңгіме мен өлең сияқты тақырыптарды қозғайды. Абастуманиде осы тақырыптарды зерттеудегі мақсатыңыз қандай немесе нендей сабақ алдыңыз?
Н.К. Бұл сұраққа жауап берген шығармын, тағы да қайталап айтайын, бастапқыда аудиторияға Абастумани обсерваториясында болғандай сезім сыйлауды көздедім. Баяндау мен әңгімелесу арқылы дәстүрлі деректі форматты пайдаланбай, аудиторияны шынайы тәжірибеге жетелеу негізгі идея болды. Абастумани туралы деректі дүние түсіруді ойлана жүріп, мұндағы астрономдар да осындай мақсатпен әр жерді суретке түсіргенін, айналасына құлақ түріп, ой-пікірін қағаз бетіне түсіргенін бірден түсіндім. Астрономдар сияқты мен де жеткізудің мүмкін еместігін білдім. Сондықтан тұрақсыздық сезімін жеткізіп, содан туындайтын эмоция мен ойды әр қырынан көрсету басты тақырыбыма айналды.
Г.С. Фильм туралы тағы алып-қосарыңыз бар ма?
Н.К. Жобаға бастамашы болып, мәтіннің басым бөлігін және музыкасын жазып, тіпті фильмнің атауына дейін таңдасам да, өзімді фильмнің режиссері немесе қосалқы режиссері ретінде көрсеткен жоқпын; себебі фильмнің соңғы нұсқасы мен ойлағандай болған жоқ. Біршама өңдеуден өткеннен кейін Кето менімен кеңеспей, мәтінді қысқартып, кей тұсын қосқан, сондықтан фильм мен ойлағаннан мүлде басқа сипатқа енді. Соңғы нұсқа көңілден шықпады деуден аулақпын, дегенмен тақырып жеке көзқарасқа ғана негізделгені ұнаған жоқ, мен фильмді мейлінше ашық әрі көңіл аударатындай етіп жасағым келіп еді. Жеке оқиғаны баяндау арқылы аудиторияны тарту өте қиын. Бұл фильмге қатысты ойым әлдеқайда радикал әрі экспериментал еді, оған орын болмай шықты. Дегенмен, болары болды, премьера да өтті, жобаның режиссері деген рөл маған келмейді. Бір күні өзімнің нұсқамды жасауым да мүмкін, дегенмен оған да күмәнім бар. Сонымен бірге тарату мүмкіндігі туралы сөз қозғасақ, менің жобамның жарыққа шықпағаны да жөн болған деген ойға келемін.
Г.С. Бұл жұмыс Кето екеуіңіздің араңыздағы өте жарқын диалогтың бір көрінісі деп ойламайсыз ба? Әлде монологтар жиынтығы деп санайсыз ба?
Н.К. Бастапқы мәтіннің бәрін өзім жаздым. Онда Кетоның кейбір сөздері мен Абастуманиде болған кездегі әңгімеден үзінді бар. Бұған қоса сол жерде кездескен адамдармен сөйлесуіміз, жеке ойларымыз, лирикалық шегіністер мен өлеңдер бар. Мәтінді бастапқыда жалғыз өзім жазып шықтым. Дегенмен, бағана айтқанымдай, бір сәтте Кето менің мәтіндерімді өңдеп, кейбіреуін алып тастап, өз сөзін қосқан. Одан мен мүлдем бейхабармын. Осы себепті де диалог деп айту қиын, дегенмен бір-бірімізге үн қатуымыз сондай әсер қалдырады.